Бурабайда ерекше архитектуралық композция пайда болды
Батырлардың бет-бейнесін тек 35 метр қашықтықтан ғана көруге болады
Бурабайдың Абылай хан алаңында «Батырлар» атты ерекше архитектуралық композициялар пайда болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Aqmola News порталына сілтеме жасап.
«Жаңа көркем мүсін композициясының биіктігі 7,3 метр ал ұзындығы 16,8 метрді құрайды. Абылай хан алаңына келетін қонақтарға композицияның екі сюжеттік желісі ұсынылады. Алғашқысында көркем бейнелер жақын маңнан едәуір анық көрінеді. Мұнда қазақ халқының ежелгі тұрмысы мен әдет-ғұрпынан сыр шертетін бүркітшінің аң аулауы, «Көкпар», «Қыз қуу» және «Жамбы ату» сияқты ұлттық ойындары айшықталған графикалық бейнелер салынған. Ал екінші жоспарда қашықтан көз салған адамға жеті батырдың сұлбалары көрінгендей болады. Батырлар бұл қазақ халқының рухани құндылықтары мен батылдық, ерлік, әділдік, батырлық сияқты қасиеттерін айқындай түседі», – дейді «Бурабай Даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен.
Мекеменің баспасөз қызметінің мәліметінше, батырлардың бет-бейнесін тек 35 метр қашықтықтан ғана көруге болады. Батырларды жекелей көру мүмкін емес екен.