Алматыда карантин талаптарын бұзғандарға 70 млн теңгеге жуық айыппұл салынды
Қалада 32 мониторингтік топ жұмыс істейді

Алматыда карантин талаптарын бұзғандарға шамамен 70 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Алматыда күн сайын карантин режимі тәртібінің және санитарлық-эпидемиялық нормаларының сақталуын бақылайтын 32 мониторингтік топ заң бұзушылықтарды анықтауда. 8 қараша мен 3 желтоқсан аралығында 504 мониторинг шаралары жүргізілді, оның барасында мониторинг жүйесіне кіретін жалпы саны 4 108 нысан қамтылды. Соның нәтижесінде карантин шараларын бұзудың 945 фактісі анықталды», - деп жазылған хабарламада.
Мониторингтік топтар жүргізген тексерістер нәтижесінде келесі шаралар қабылданды: карантин шараларын сақталмағаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық жөнінде 770 хаттама толтырылды. Жалпы сомасы 67,5 млн теңгеге заңды тұлғаларға 170 және жеке тұлғаларға 530 айыппұл салынды.