Нұржамал Оралбаева қазақ тіл білімінде ғылыми-теориялық тұрғыдан тың мәселелерді көтерген
Қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұржамал Оралбаева 92 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Қаралы хабарды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қазақ тіл білімі кафедрасы ұжымы Facebook парақшасында жариялады.
«Филология ғылымдарының докторы, профессор Нұржамал Оралбаева есімі қазақ тіл білімінде ғылыми-теориялық тұрғыдан тың мәселелерді көтерген, 50-90 жылдарда қазақ тілі грамматикасының дамуына іргелі еңбектерімен үлес қосқан ғалым ретінде белгілі. Ғалымның қаламынан туған қайталанбас ғылыми мұралардың бүгінгі қазақ ғылымында орны ерекше», - деп жазды кафедра ұжымы.
«Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары», «Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы», «Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасам жүйесі», А. Қалыбаевамен бірге «Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі», «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі», «Қазақ тілінің сөзжасамы» атты ғылыми мұралар ғалымның қаламынан туған.