Түркістан халықаралық әуежайы жарамдылық сертификатын алды

Автор: Azattyq Rýhy

Осылайша, әуежай ішкі және халықаралық рейстерді, соның ішінде жүк тасымалдау рейстерін қабылдау мүмкіндігіне ие болды

Фото: ашық дереккөзден

Түркістан халықаралық әуежайы алғаш рет әуеайлақтың жарамдылық сертификатын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

«Аталған тексеру кезінде әуежайдың техникалық базасы мен жабдықты сертификатталуы, әуеайлақ басшылығының және барлық қызметтер мен жабдықтардың құжаттамасы зерттелген. Сондай-ақ, сертификаттық тексеру кезінде әуеайлақтың физикалық сипаттамалары мен әуеайлақ жасанды жабындарының жағдайы, белгіленуі, кедергілерді шектеу және есепке алу мен ұшуды орнитологиялық қамтамасыз ету, электрмен жабдықтау мен ұшуды электрлі жарықпен техникалық қамтамасыз ету жағы қаралған», - деп жазылған хабарламада. 

Сертификаттық тексеру аяқталғаннан кейін Қазақстанның авиациялық әкімшілігі әуеайлақтың жарамдылығы сертификатын тапсырды. Осылайша Түркістан әуежайы ішкі және халықаралық рейстерді, соның ішінде жүк тасымалдау рейстерін қабылдау мүмкіндігіне ие болды.