Жас тігінші жеке кәсібін ашуға жүрексініп жүрген жандарға ақыл-кеңесін айтты
Бүгінгі кейіпкеріміз – апалы-сіңлілі Анар мен Мәдина әлеуметтік желіні өз пайдасы үшін ұтымды қолданып, Instagram қосымшасының көмегімен Қазақстанда алғаш болып интернет-дүкен ашқандардың қатарына енген. Апалы-сіңлілер дайын киімнен бөлек, өз брендін қалыптастырумен де айналысады.
Azattyq Rýhy тілшісі студент күнінен бастап шағын кәсібін дөңгелетіп отырған Анар Болысбекпен сұхбаттасып, бизнес саласында интернеттің пайдасы мен мүмкіндіктері жайында әңгімелесті.
Арқалық қаласында өскен апалы-сіңлілі қыздар дүкен ашуды бала кезінен жоспарлағанын айтады.
«Есімім Анар, негізгі мамандығым - интерьер дизайнері және суретші. 9-сыныпқа дейін Арқалық қаласында тұрып, Ы. Алтынсарин атындағы гимназия-мектебінде білім алдым. Мектептен кейін Көкшетауда Ақан сері атындағы мәдениет колледжінде оқыдым. Кейін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Шабыт» академиясына оқуға түсіп, жоғары білім алып шықтым. Дүкен ашып, өз кәсібімді бастау – бала күннен бергі арманым болатын. Кішкентайымнан киім тігуді және киімдерді бір-біріне үйлестіріп, ерекше киінгенді жақсы көретінмін.
Дүкен ашуды 2015 жылы әпкем екеуіміз бастадық. Ол кезде студент едік, «Шабытта» 2 курс оқып жүрдім. Ең алғаш 40 шаршы метрлік жертөледе орналасқан шағын дүкенді жалға алып, ақырындап кәсібімізді қолға алдық. Әрине, басында сауда дұрыс жүрмей, біраз қиындықтар болды. 2015 жылдың 3 сәуірінен бастап кәсібімізге толықтай кірістік. Киімдердің көп бөлігін Қытай мен Түркия елдерінен алдырамыз. Біздің кәсібімізге негізгі қолдау мен көмек болған Instagram қосымшасы болды. Ол кездері әлеуметтік желі қосымшасы арқылы ашылған дүкендер өте аз болатын. Қазақстанда алғашқылардың бірі болып интернет-дүкен ашқандардың біріміз. Тұтынушы жинау мақсатында желіні қолға алып, киімді өзім киіп, суретке түсіп, оны сала бастадық. Жарнаманы да әлеуметтік желі арқылы жасадық», - дейді Анар.
Анар киімге деген ерекше талғам мен қызығушылық анасынан дарығанын айтады. Анасы Айнагүл жас кезінен киім тігуге өте бейім болған. Тіпті, тігінді сүйікті кәсібіне айналдырған.
«Анам тігін тігуді жас кезінен жақсы көреді. Мен дизайнын жасап беремін, анам сол киімді пішіп, тігеді. Әр мезгілде әртүрлі киім тігеміз. Жазда көйлек, сарафан, қыс мезгілінде белдемше, қалың сарафан тігіледі. Анамның тіккен кейбір киімдерін дүкенге әкеліп сатамыз. Жақсы өтеді. Алдағы уақытта өз коллекциямызды шығаруды қолға алуды ойлап отырмыз», - дейді кәсіпкер қыз.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІҢ МҮМКІНДІКТЕРІ
Анардың айтуынша, бүгінде кәсіп жүргізуде интернеттің көмегі өте жоғары. Сауда жақсы жүруіне желідегі жарнама көп көмек береді екен. Ол дүкеннің жұмысын қарқынды жүргізу мен оқырман жинау үшін үнемі парақшаны дамытып, әртүрлі ойындар мен жеңілдіктер жасап тұрады екен.
«Қазір әлеуметтік желісіз жұмыс істейтін дүкен жоқ шығар. Біз кәсіп бастаған жылы Instagram функциялары қиын емес еді, қазір көп нәрсе қосылып, жұмысы күннен-күнге күрделеніп жатыр. Дүкеніміздің 60-70 пайыз тұтынушысы желі арқылы келеді. Сол үшін біз келген тауарды бірден сонда салып отырамыз. Фотоға түсетін және түсіретін арнайы адамымыз да бар. Оқырман жинау мақсатында әртүрлі ойын, акциялар ұйымдастырып тұрамыз. Осылайша, келушілердің қызығушылығын арттыруға тырысамыз», - дейді Анар.
Кәсіпкер қазір интернет-дүкендердің заманы келгенін айтты. Себебі, жұмыстан немесе белгілі шаруадан қолы босамайтын жандарға аталған интернет-дүкендер өте ыңғайлы. Олар үйде отырып-ақ қалаған киіміне тапсырыс бере алады.
«Тұтынушы үйде отырып, желі арқылы тапсырыс бере алады. Интернет-дүкендердің ең басты артықшылығы осында деп ойлаймын. Себебі көпшілігі кешке дейін жұмыста жүріп, дүкен аралауға үлгермейді немесе уақыты болмайды. Ал желі арқылы қалаған дүкеннің парақшасына кіріп, қажет киімге тапсырыс беруге немесе алып кетуге болады. Сәнді киінуді бәрі қалайды. Біз сондай жандарға ыңғайлы жағдай жасаймыз», - дейді кәсіпкер.
Кейіпкеріміз жеке кәсібін ашуға жүрексініп жүрген жандарға ақыл-кеңесін айтты. Айтуынша, кез келген іс бірден өрге басып, дамып кетпейді. Қиындықтар болады, сол кезде табандылық қажет.
«Кәсіп ашу – әр адамнын өз қолындағы шаруа. Істеген жұмысын жақсы көрсе, ол жұмыстың қалай да өрісі кеңейеді. Бізде дүкен ашқысы келетіндердің дені бәсекеден қорқады. Бірақ бұл әлемде ақша да көп, адам да көп. Тек ерінбеу керек. Өзің үшін жұмыс істеу бастапқыда қиын, сол қиындықтан сүрінбей өтіп кетсең, кейін жемісін жейсің. «Fantastic» (интернет-дүкен) тек Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Әрине, дүкенді кеңейтіп, бірнеше қаладан филиалын ашқымыз келеді. Жалпы, келесі жылға жоспарымыз өте көп», - дейді Анар.
АЙ САЙЫНҒЫ ТАБЫС 500 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН БАСТАЛАДЫ
«Fantastic» деп аталатын дүкенде әркімнің талғамына сай келетін киім түрлері таңдалған. Дүкен иелері ай сайын түсетін кірістің жаман емес екенін айтады.
«Киім дүкені арқылы айына 500 мың теңгеден бастап табыс табуға болады. Бұл – ең төменгі сома. Кейде одан да жоғары қаражат түседі. Дүкенде ең бастысы, келушілерге қажетті жағдай жасау керек. Киімнің сапасы мен тұтынушыларға деген қарым-қатынас жоғары орында болуы керек. Болашақта Қазақстанның әр қаласында өзіміздің «Fantastic» дүкенін ашып, дизайнерлік киімдер сатылатын арнайы дүкен ашу жоспарымда бар. Қазір дүкенде жолдасым екеуміз жұмыс істейміз. Әпкем осыдан екі жыл бұрын өз дүкенін ашып, жеке кәсібін айналдырып жатыр. Отбасылық кәсіпке айналды десем де болады», - дейді Анар.
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан