«Татуласу болмайды»: елімізде ұрлықтың кез келген түрі ауыр қылмыстар санатына жатқызылуы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Бас прокуратура ұрыларды қатаң жазалауды ұсынып отыр

Ұрылар келтірілген шығынды өтесе де жазадан құтылмауы тиіс. Бүгін депутаттарға жаңа заң жобасын таныстырған ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов осылай деді.

Ол ұрлық-қарлыққа қарсы күресті күшейту керектігін айтып отыр.

«Заңдағы түзетулер қасақана қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейтуге арналған. Бұл түзетулердің бір бөлігі меншікке қарсы қылмыстарға қатысты. Алдымен, ұрлық, тонау және қарақшылық мақсатында үй-жайға, қоймаға, көлік құралына заңсыз бұзып кірумен жасалған қылмыстар үшін жауаптылық күшеймек», - деді Бас прокурорлдың орынбасары.

Ол сондай-ақ, ұрылардың жәбірленушімен татуласу арқылы жазадан құтылып кететініне қарсы екенін айтып, заңды қатаңдатуды ұсынды.

«Ұрлыққа қатысты әрекеттер ауыр қылмыстар санатына көшеді. Демек, татуласу болмайды. Тіпті, залал орнын толтырса да, кешірім берсе де қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайды», - деді М.Ахметжанов.

Айта кетейік, бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыланып жатыр.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан