Деректі фильмді көру кезінде балалар тарихпен танысты
Алматы облысында оқушыларға тәуелсіз Қазақстанның даму жолы туралы түсірілген деректі фильмдер топтамасы көрсетіліп жатыр. 7 бөлімнен тұратын фильм экономика, интеграциялық үдерістер, ұлтаралық келісім, антиядролық бастамалар, жаңа астана, транзиттік әлеует, қандастардың Отанына оралуы сынды тақырыптарға арналған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Талдықорған қаласының маңындағы Мойнақ ауылындағы №23 орта мектепте 186 оқушы бар. Олардың жартысына жуығы шеттен келген қандастардың балалары.
«Мектебімізде 76 оқушы Моңғолия, Қытайдан көшіп келген қандастардың балалары. Фильмнің «Елдіктің бастауы» атты VI бөлімі осы қандастарды тарихи отанына көшіру кезеңдеріне арналған. Олардың ата-аналары тоқырау кезеңіне қарамастан шетелдегі қандастарды қайтару жоспарының қалай жүзеге асқанын осы фильм арқылы естеріне түсіріп, қиын кезеңде Елбасының көрсеткен қолдауы оларға жігер бергенін айтты», - деді Мойнақ ауылдық орта мектебінің директоры Айгүл Мүсекенова.
Деректі фильмді көру кезінде балалар тарихпен танысып қана қоймай, қазақ елінің азаматтары екендігіне мақтанатындарын білдіріп, патриоттық сенімдері арта түскен.
«Онлайн көрсетілімнен соң «Бейбіт күннің батырлары», «25 ән» жобасы, «Бір халық-бір тағдыр» эссе байқауы және «Тәуелсіздік-тұғырым» тақырыбында сурет байқауы, «Менің Тұңғыш Президентім» тақырыбында сынып сағаттары ұйымдастырылды. «Болашаққа бастар жол», «Парасатты шешім», «Сын сағат», «Ұйымдасқан ұтады» атты бейнефильмдері көрсетіліп, балалар ұлттық нақышта жаңашылдықпен өздерінің бейнебаяндарын даярлады»,- деп түйіндеді сөзін Айгүл Таласбайқызы.