Тоқаев Қарағандыда ашылған теннис орталығы үшін алғыс айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Қарағанды қаласында бір мезгілде 650 бала жаттыға алатын теннис орталығы ашылды

Фото: akorda.kz

Қазақстан Президенті Қарағанды қаласындағы жаңадан салынған теннис орталығының жұмысымен танысты. Орталықта бір мезгілде 650 бала жаттыға алады.

Нысанның инфрақұрылымы әлемнің ең озық стандарттарына сай келеді. Мұнда 11 корт бар, оның 7-уі жабық. Сонымен қатар жалпы және арнайы дене шынықтыру жұмыстарына арналған залдар бар.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа орталықтың техникалық жабдықталуы туралы егжей-тегжейлі баяндалды. Атап айтқанда, орталық ATP/WTA Challenger деңгейіндегі әлемнің үздік 100 ойыншысы қатысатын халықаралық және республикалық теннис жарыстарын өткізуге, сондай-ақ, отандық спортшылардың кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік жасалған.

«Қала өміріндегі осындай маңызды нысанның пайдалануға берілуімен құттықтаймын. Біз қазір бұқаралық спортты дамытуды мақсат етіп отырмыз. Мына спорт орталығы барлық балалардың үлкен тенниспен шұғылданып, денсаулығын күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл көпжақты әрі ыңғайлы нысан. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Жәмішұлы Өтемұратовқа ризашылығымды білдіремін», – деді Мемлекет басшысы.

Орталықтың жалпы көлемі 7,8 мың шаршы метрді құрайды. Онда мәжіліс залы мен 2 кафетерий және қонақүй кешені бар.

Шаһар шаруашылығын дамытудың үздік әлемдік тәжірибелеріне сәйкес теннис орталығының айналасындағы 1,5 гектар аумақ толығымен абаттандарылыплып, көгалдандырылған. Нысан құрылысына жеке инвесторлар 2,4 млрд теңге көлеміндегі қаражат салған.

Қазақстанның теннис федерациясы орталықты әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етіп, операциялық басқару қызметін үйлестіреді.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті үстел теннисі орталығының жұмысымен танысты. Жаңадан ашылған спорт нысанында 18 үстелге арналған ойын залы, 9 теннис үстелі орналасқан жаттығу залы, медицина және массаж кабинеттері, жаттығу залы, әкімшілік ғимараты, төрешілер мен бапкерлердің бөлмелері, мәжіліс залы мен VIP-орындар бар.

Үстел теннисі орталығының ашылуы оқу-жаттығу жұмыстарын сапалы өткізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ел спортшыларының шеберлігін шыңдауға ықпал етеді. Орталықта күніне 400 адам үстел теннисін ойнай алады.

Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытудың, дене шынықтырумен және спортпен айналысатын халықтың санын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар Президент аталған орталықтың салауатты өмір салтын насихаттауға, аймақтағы үстел теннисімен шұғылданатын адамдардың қатарын арттыруға және оны дамытуға зор ықпал етеді деп сенім білдірді.

«Бұл тек жаттығып қана қоймай, халықаралық жарыс өткізуге барлық жағдай жасалған әдемі орталық екен. Үстел теннисінің президенті Данияр Әбілғазинге, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекке, Қазақстанның үстел теннисінен бас бапкері Эльмира Әлиеваға алғыс айтқым келеді. Болашақта үлкен жеңіске жетесіздер деп үміттенемін. Көп жаттықсаңыздар, жетістік те мол болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Орталық құрылысына ҚР Үстел теннисі федерациясы 1 млрд 950 млн теңге қаржы жұмсаған.

Биыл Қарағанды облысында 85 спорт нысаны пайдалануға беріледі деп жоспарланған.