$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.11.2020, 16:13
Жаңалықтар

«Мен де елімнің патриотымын»: Трұмов Бозжырада қонақүй салу туралы

Әкімнің айтуынша, Бозжырадағы жобаны іске асыруда қоғам мен мамандардың пікірі ескеріледі

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Бозжыра шатқалындағы құрылыс жұмыстары қоғам мен мамандардың пікірі ескеріле отырып жүзеге асатынын мәлім етті.

«Биыл теңіз жағалауында бес жұлдызды қонақүйдің ашылуымен, өңірге келген туристер санының артқанын байқап отырмыз. Саяхаттаушылар Маңғыстаудың табиғи жерлерін аралап, әсіресе, Бозжыра шатқалына қызығушылық танытуда. Тек тамыз-қазан аралығында Бозжыраға 2 мыңға жуық адам барған. Келер жылы бұл сан 5 есе өседі деген болжам бар. Туристердің қорыққа бейберекет барып, өздігінше жүруі табиғатқа орасан зиян келтіруде. Сондықтан Бозжыраға баратын жол салып, туристердің жайлы демалуына жағдай жасауымыз керек. Президент те осы жағдайға байланысты пікір білдіріп, экотуризмді өркениетті жолмен дамытуды қолдайтынын айтты. Мемлекет басшысы тапсырғандай, бұл жоба сарапшылардың, қоғамдық кеңестер мен жауапты сала жетекшілерінің ой-пікірлері ескеріле отыра жүзеге асырылады», - деді әкім.

Әкімнің айтуынша, Бозжыра аумағында сафари-отель салу идеясын «Rixos» қонақүй кешенін іске қосқан инвесторлар ұсынған. Қазір жобалау жұмысы жүріп жатыр. Инвестор Бозжырадағы қонақүйді шатқалдан 2 шақырым жерде салуды ұсынып отыр. Дайын болған соң қоғамдық тыңдауға ұсынылады.

«Біле білсек, бұл – бізге беріліп тұрған зор мүмкіндік. Ірі инвестор ел туризмін дамытуға мол қаржы құйғалы отыр. Мұнайға ғана тәуелді болу - болашақ үшін қауіпті. Көп елдің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, туризмді дамыту арқылы экономикамызды өркендете аламыз. Шағын және орта бизнестің дамуына, жергілікті азаматтарды жұмыспен қамтуға жол ашамыз. Құрметті азаматтар, журналистер, мен де елімнің патриотымын, туған жерімнің жанашырымын. Азаматтарымыз табыс тауып, жағдайын жақсартып жатса, қуанамын», - деді облыс басшысы.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары