Жаңақорған ауданында шенеуніктер жаңа мектеп салуға 2 млрд теңге жұмсамақ болған

Үнемделген қаражат басқа мектептің құрылысына жұмсалатын болды

Жаңақорған ауданында шенеуніктер жаңа мектеп салуға 2 млрд теңге жұмсамақ болған
Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында жаңа мектеп салуға жыл басында 2 млрд теңге бөлінген. Алайда, бұл қаражаттың көлемі 3 есеге қысқартылды. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова ОКҚ-да өткен брифингте мәлімдеді.

Гүлшара Әбдіхалықова республикалық бюджеттен облыстық білім саласына бөлінген қаражат қайта қарастырылғанын мәлімдеді.

«Мен келгеннен кейін бұл мәселені тағы бір рет қарап, мектеп құрылысының құнын 600 млн теңгеге дейін төмендеттік. Бұл білім ошағы екі апатты мектептің орнына салынып жатыр. Жаңа мектепте 900 оқушы екі ауысыммен оқитын болады деп жоспарланған. Ал, үнемделген ақша осы аудан орталығында бой көтеретін 300 орындық мектептің құрылысына жіберілетін болады. Қазір мектеп салынып жатыр», - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, өңір басшысы апатты жағдайдағы мектептерді жою аясында облыста 3 жаңа орта білім мекемесінің құрылысы жүріп жатқандығын хабарлады. Бұдан бөлек, алдағы уақытта жеке инвесторлар есебінен 300 және 500 орындық тағы 2 білім ошағы бой көтермек.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.