Қазақстандықтарға камуфляж форма кигені үшін айыппұл салынады
Әзірге шаралар тек ескертумен шектелген

Атырауда әскери полиция қызметкерлері камуфляж формамен жүрген адамдарға оны киюге тыйым салынатынын түсіндіріп жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, әзірге шаралар тек ескертумен шектелген, бірақ қатаң жаза қолданылуы да мүмкін.
«Тұрғындар арасында әскери форма танымал. Олар оны көбіне арнайы киім немесе жұмыс киімі ретінде пайдаланады. Ал камуфляждағы адамдар қылмыс жасаса, қоғам оны әскери қызметші деп қабылдайды. Бұл қарулы күштер мен әскери қызметшілердің беделіне нұқсан келтіреді», - деп атап өтті әскери полиция қызметкері Бақтияр Дәуренқұлов.
Атырауда түсіндіру науқаны басталғалы бері 28 ескерту жасалған. Ескерту қайталанған жағдайда жеке тұлғаларға 14 мың теңге, заңды тұлғаларға 70 мың теңге айыппұл салынады.