Антиденелер анықталған адам басқа азаматтар үшін қауіпті болып қала береді
Ғалымдар коронавирус індетімен ауырып шыққандардың антиденелері ағзада қанша уақытқа дейін сақталатынын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК мәліметіне сілтеме жасап.
АҚШ ғалымдары иммундық жүйенің төрт компонентін талдады: антиденелер, В жасушалары және Т жасушаларының екі түрі. Олар антиденелер инфекциядан кейін алты-сегіз айдан кейін де сақталатынын анықтады. Талдау нәтижесінде Т жасушалары аз ғана ыдырауды көрсетті, ал В жасушаларының саны көбейді.
«Ғалымдар пациенттердің қанында антиденелер табылмаған жағдайда, В жасушалары иммундық жадыны сақтайтынын хабарлады. Демек, организм бірнеше жыл бойы коронавирусты «тани» алады», делінген хабарламада.
Антиденелердің болуы коронавирустан толық қорғауға кепілдік бермейтінін ұмытпаған жөн. Сондай-ақ, антиденелер анықталған адамдар басқа азаматтар үшін қауіпті болып қала береді.