Қарақия ауданының әкімі Бозжырада қонақүй салу мәселесіне жауап берді

Автор: Azattyq Rýhy

Бозжыра шатқалындағы жоба қоғамдық тыңдау арқылы жүргізіледі

Сурет: Қарақия ауданы, Бозжыра шатқалы

Маңғыстау облысы Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков Бозжыра шатқалында құрылыс жүргізіледі деген мәселеге қатысты пікір білдірді.

«Бұл қоғамда кең талқылауға түсіп жатқан негізгі сұрақтардың бірі. Бозжыра шатқалы облыс орталығынан 300 шақырым жерде орналасқан. Жалпы, туризмді дамыту мәселесі ауданда, облыста қарқын алып келе жатыр. Бүгінде тиісті жұмысшы тобы Бозжыра шатқалының басында жүр. Қонақүйді қайда саламыз, бутик-отельдерді қайда орналастыру бағытында жұмыстар басталып кетті. Инвестор тарапынан жер бөлу мәселесі жөнінде өтініш келіп түсті. Оны қарастырып жатырмыз. Әрине жер бөлу мәселесі, құрылыс жұмыстарын салу қоғамдық тыңдау арқылы жүргізілетін болады», - деді Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков.

17 қарашада ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалында қонақүй салу жобасын қайта қарауды тапсырғанын мәлімдеген еді. Сондай-ақ Президенттің баспасөз хатшысы бұл жоба осымен тоқтамайтынын, қоғамдық кеңестер мен эколог сарапшылардың пікірі ескеріліп, қонақүй салуға арналған басқа ыңғайлы жер таңдалатынын айтты.

Айта кетсек, жуырда әлеуметтік желілерде Маңғыстау жеріндегі Бозжыра табиғи ескерткішінің аумағынан қонақ үйдің құрылысы басталғаны жөнінде видео тараған болатын. Осы жағдайға байналысты бір топ маңғыстаулық белсенді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовқа ашық хат жолдап, нақты талап қойды.