«Биыл коронавирустан емес, суицидтен өлгендер көп»: АҚШ дәрігерінің мәлімдемесі қаншалықты рас?
ДДСҰ мәліметі бойынша әлемде жыл сайын 800 мыңға жуық адам өз-өзіне қол жұмсайды
Әлеуметтік желіде небраскалық (АҚШ) дәрігер Бен Таппер локдаун енгізгені үшін билікті сынға алып, «Биыл коронавирустан гөрі өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болған адамдар көп» дейді. StopFake.kz порталының хабарлауынша, америкалық дәрігердің бұл статистикасы шындыққа жанаспайды.
«Қазір мұндай қорытынды жасау мүмкін емес. 2020 жылғы өлім статистикасы әлі есептелген жоқ. Бірақ ДДСҰ мәліметі бойынша, әлемде жыл сайын 800 мыңға жуық адам өз-өзіне қол жұмсайды», - делінген StopFake.kz таратқан хабарламада.
Айта кетейік, БАҚ-тың хабарлауынша, Виктория штатында (Аустралия) суицид деңгейі өспеген, ал Германияда төмендеген.
Бүгінге дейін коронавирустан әлемде 1 293 197 адам қайтыс болды. Бұл көрсеткіш америкалық дәрігердің статистикасы дұрыс емес екенін көрсетеді.
Дәрігер Таппер медицина саласында мәлімдеме жасайтындай аса білікті маман емес. Бен Таппер – хиропрактика саласындағы маман (мануальды терапия мен «туа біткен интеллект» теориясына негізделген балама медицина түрі). Дәрігер Таппер Палмер хиропрактика колледжін бітірген.
Сәйкесінше, ол DC – chiropractic докторы (хиропрактика докторы) дәрежесіне ие. Мұндай мамандар инвазивті емес процедураларды ғана жүргізуге құқылы және дәрі-дәрмек тағайындамайды. Сонымен қатар, толыққанды дәрігер болу үшін АҚШ заңы бойынша MD – medical doctor (MD) дәрежесі болуы керек. Хиропрактика колледждін бітіргеннен кейін мұндай дәреже алу мүмкін емес, өйткені саланың өзі дәлелді медицинаның сынына ұшыраған.