Нұр-Сұлтанда түнде жұмыс істеген ойын клубында 24 адам болған
Осы күнге дейін карантин талаптарын бұзған тұрғындар мен бизнес өкілдеріне 184 млн теңге айыппұл салынған

Түнде жұмыс істеген елордадағы ойын клубында 24 адам болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Елордада полиция қызметкерлері, еріктілер және әкімдік өкілдерінің сауда орталықтарына, дүкендерге және басқа да адам көп жиналатын жерлерге рейд жүргізіп келеді. Іс-шаралар коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында өткізіледі. Карантиннің күшейтілгендігіне қарамастан бірқатар мекеме талапты елемей отыр.
12 қарашада сағат 23:50-де мобильді топ кестені бұзып жұмыс істеп жатқан Respawn ойын клубын анықтады. Мекемеде 24 адам болған. Осындай заң бұзушылық 13 қарашада сағат 01:20-да «Кентау» дүкенінде тіркелді. Кәсіп иелеріне қатысты жиналған материал процессуалдық шешім қабылдауға жіберілді.
Жалпы алғанда, 11 қарашадағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласының тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аудандық басқармаларына карантинді бұзған адамдарға қатысты аудандық полиция басқармаларынан 1 981 материал келіп түскен. Жалпы сомасы 184 370 856 теңгеге 905 жеке, лауазымды және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бүгінгі таңда 717 әкімшілік айыппұл, жалпы сомасы 146 574 535 теңге төленді.