$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.11.2020, 18:17
Жаңалықтар

Көкшетауда құрылысшылар 400 орындық мектеп салуға бөлінген 1 млрд теңгеге жуық қаражатты жеткізе алмады

Ақмола облысында осыдан төрт жыл бұрын басталған мектеп құрылысы бітпей тұр

Көкшетауда құрылысшылар 400 орындық мектеп салуға бөлінген 1 млрд теңгеге жуық қаражатты жеткізе алмады
Суретте: мектеп құрылысы

Көкшетауда осыдан төрт жыл бұрын салына бастаған мектеп әлі біткен жоқ. 392 орындық мектеп-балабақша кешенін Краснояр трассасының қос қапталындағы тұрғындар күте-күте шаршаған. Бірде салынып, бірде құрылысы мүлде тоқтап қалатын ғимараттың қашан аяқталатыны әлі белгісіз. Халық көп қоныстанған аудан тұрғындары балалары шалғай мектептерге барып оқитынына алаңдаулы. Бір миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалса да, төрт жылдан бері бітпеген ғимараттың бүгінгі жағдайын Azattyq Rýhy тілшісі анықтап көрген еді.

2016 жылдың күзінде басталған мектеп-балабақша кешенінің құрылысы қазір жартылай салынған күйі тоқтап тұр. Тұрғындар бірнеше жыл бойы балаларын ондаған шақырым жерде орналасқан білім мекемелерінде оқытуға мәжбүр болған.

«БИЫЛ ДА БІТПЕЙТІН ТҮРІ БАР...»

«Мектеп салынады дегенді естігенде, жұрттың бәрі қуанды. Өйткені, осындағы тұрғындардың балалары ондаған жылдар бойы алты-жеті шақырымда орналасқан мектептерге қатынап оқиды. Автобустар да уақытында қатынамайды. Краснояр селосынан шыққан автобус бізге жеткенше толып қалады. Кейде аялдамаға тоқтамай, жанымыздан өтіп кетеді. Ал, қазіргідей індет асқынып тұрғанда, бұл аса қауіпті емес пе? Балаларымыз қысылып-қымтырылып сонау №10 орта мектепке, кейбірі Краснояр селосына барып оқиды. Көлігі барлардың күні баласын мектепке тасумен өтіп жатыр. Шамамен үш мыңға жуық адам тұрады. Бала-шаға көп. Қыс та келді. Бірақ, мектебіміз әлі салынып бітпеді. Жазда жұмыс қайнайтын уақытта құрылыс басында күзетшіден басқа қара көрінбеді. Жаңадан сала бастағанда мектептің қабырғасы опырылып құлап, іргетасынан қайта көтерген. Өйткені жер бедеріне жөнді мән бермеген. Енді бірде құрылысы жалғасып, артынан тағы қаңтарылып қалады. Құрылысы биыл да аяқталмайтын сияқты. Билік басындағыларға талай мәрте шығып, облыс және қала әкімдерінің есептік кездесуінде айтып жүрміз. Уәде беріледі, бірақ іс жүзінде әрекет жоқ. Мектеп құрылысының қашан аяқталатыны белгісіз», - дейді Сәрсенбай Сердалин есімді қала тұрғыны.

ҚҰРЫЛЫСҚА 1 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ҚАРАЖАТ БӨЛІНГЕН

Мектеп құрылысына бюджет қоржынынан 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Бірақ сақалды мектеп құрылысына бұл да аздық еткен сыңайлы. Оның себебін Көкшетау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы түсіндіргендей болды.

«Краснояр трассасындағы мектеп кешенінің жобасы 2014 жылы жасалған. Ғимарат құрылысы 2016 жылы басталды. 392 орынға шақталған мектеп-балабақша кешенін салуға алғашқыда бөлінген қаражат қазір мүлде жетпей қалды. Өйткені, құрылыс материалдарының бағасы тым қымбаттап кетті. Жобалық құжаттамаға қайтадан түзету жасауға тура келді. Сөйтіп, жобалық-сметалық құжаттамаға қосымша 387 миллион 506 мың 195 теңге бөлініп, барлығы 1 миллиард 363 млн 457 мың 269 теңге бөлінді. Өткен аптада сараптамадан өткізілді. Құрылысты бастап жүргізген «Никс Инжиниринг Групп» мердігер компаниясы енді осы түзетулерге сәйкес жұмыстарын жалғастыруда. Қазіргі таңда құрылыс алаңында жұмыстар жүріп жатыр. Келер жылы мамыр айында аяқталуы тиіс», - дейді Көкшетау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Рүстем Сәдуақасов.

«ҚАРАЖАТ УАҚЫТЫНДА БӨЛІНБЕЙ ҚАЛДЫ»

Мердігер компания басшылығы қаражаттың уақытында бөлінбегенін және жобаға жүргізілген түзету жұмыстары құрылыс жұмыстарының созылуына себеп болғанын алға тартты.

«Мектеп-кешеннің құрылысы 2016 жылы басталған. Уақытында қаржы бөлінбей қалды. Бұл құрылыстың уақытында жүргізілуіне кедергісін тигізді. Мектептің алғашқы жобалық-сметалық құжаттамасы жарамай қалды. Жобаны түзетуге қосымша қаражат қажет болды. Қосымша келісімшарт жасастық. Жаңа жоба сараптамадан өткен аптада өткізілді. Қазір құрылыс материалдарының бағасы біздің қолымыздағы жобада берілген сомадан пәленбай есе өсіп кетті. Құрылысшылардың жалақысы, басқа да шығындары да еселеп артқан. Қажетті материалдарды әкелуге зауыттармен келісім жасадық. Қазір барлығы сақадай сай. Енді жұмыс толық қарқынмен жүргізіледі. Қазір мектептің терезелерін, спорт залының қабырғасын, кәріз және жылу жүйелерін салып жатырмыз. Ішінара абаттандыру жұмыстары да жүріп жатыр. Нысанды келер жылы мамыр айында тапсыру жоспарланған. Дегенмен, сәуір айына дейін бітіруге тиістіміз», - дейді «Никс Инжиниринг Групп» компаниясының бас инженері Серік Мантаев.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

Серіктес жаңалықтары