Олар өздерін шетелдік Unique finance компаниясының өкілі ретінде таныстырған
Қаржы мониторингі комитетінің Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе және Орал қалаларында заңсыз қаржы пирамидасын ұйымдастырған шетел азаматтарын анықтады.
Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар өздерін шетелдік Unique finance компаниясының өкілі ретінде таныстырып, тұрғындарға қаражатын Pepsi, Nike, Microsoft, Ford, BMW секілді халықаралық ірі компаниялардың бағалы қағаздарына инвестициялауды ұсынған.
Салымшыларға қол қойылғаннан кейін ай сайынғы инвестицияның жалпы сомасынан 6% пайда, сондай-ақ жаңа серіктестің жарна сомасынан 5% пайда алатынына уәде етілген. Айта кету керек, ең төменгі салым 1000 АҚШ долларын құраған.
Алайда, шындығында пирамида ұйымдастырушылары салымшыларға «бренд» компаниялардың жалған акцияларын ұсынып, олардың қаржысын заңсыз иеленіп отырған.
Қазір аталмыш дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.