Алматы метросында қауіпті видео түсірген блогер ұсталды
19 жастағы азамат мұндай әрекетке желіде танымал болу үшін барған
Алматыда жүріп бара жатқан қоғамдық көліктерге мініп, қауіпті видео түсірген блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 19 жастағы азамат мұндай әрекетті желіде танымал болу үшін жасаған. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
«Құқық бұзушы мұндай «трюк» оның өмірі мен денсаулығына ғана емес, басқаларға да қауіп төндіретінін білмеді деп ойламаймын. Ол полиция қызметкерлерінің заңға сәйкес шара қолдану үшін іздеп жүргенін біле тұра, жасырынып қалған. Бірақ кеше кешке ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 560-бабында көзделген құқық бұзушылықты (теміржол көлігі құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны) істегені үшін ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар бұл азаматпен бұдан ары құқықтық тәртіпті бұзудың алдын алу бойынша профилактикалық әңгіме өткізілді», – деді метрополитендегі Полиция басқармасының бастығы Тимур Өсекбаев.
Айта кетейік, 2 қарашада әлеуметтік желілерде Алматыдағы метрода түсірілген қауіпті видео жарияланған болатын.