ШҚО-да шектеу шаралары 25 қарашаға дейін ұзартылды

Автор: Azattyq Rýhy

Шектеу шараларының мерзімі облыстағы эпидахуалдың өзгеруіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін

Фото: ашық дереккөзден

ШҚО Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің міндетін атқарушы Г. Тағаеваның «Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары арасында COVID-19 инфекциясының алдын алу бойынша шектеу шараларын күшейту туралы» жаңа қаулысы шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Өңір бойынша карантин 25 қарашаға дейін ұзартылды. Шектеу шараларының мерзімі облыс аумағында COVID-19 инфекциясының таралуы бойынша ахуалдың өзгеруіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін.

«Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалаларының және аудандардың периметрі бойынша шектеу шараларының қолданылу шекаралары сақталды. Өскемен мен Семей қалаларында 40 учаскелік полиция пункті қоғамдық тәртіпті бақылайды. Тұрғындарға жалға алынған үйлер мен ғимараттарда корпоративтік, салтанатты, отбасылық және басқа да бұқаралық іс-шаралар өткізуге болмайды. 65 жастан асқан адамдарға және халықтың әлеуметтік қорғалатын топтарына бірінші кезекте қажетті тауарларды, азық-түлік пен дәрілік заттарды жеткізумен айналысатын волонтерлердің жұмысы жалғасады», - делінген құжатта.

Ойын-сауық мекемелерінің жұмыс істеуіне (караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, жабық үй-жайлардағы балалардың ойын алаңдары мен аттракциондары, кинотеатрлар, букмекерлік кеңселер, фудкорттар) және облысішілік автобустардың қатынауына тыйым сақталған. Сондай-ақ аймақ шекарасындағы 15 санитарлық посттың жұмысы ары қарай жалғаса бермек.