Қызылорда облысы қарасора өсіруден «көшбасшы» атанды

Бұл өңірде заңсыз өсімдік егілген 48 плантацияның көзі жойылды

Қызылорда облысы қарасора өсіруден «көшбасшы» атанды
Фото: ашық дереккөзден

Түркістан, Қызылорда және Қарағанды облыстарында қарасора өсірілетін 62 плантация анықталып, ликвидацияланды. Олардың жалпы ауданы 260 гектардан асты. Сонымен қатар, салмағы 20 тоннадан асатын 53 мың түп қарасора алынып, жойылды. Бұл туралы ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Тілеген Маткенов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Қарасора өсірудің «көшбасшысы» Қызылорда облысы болды, онда 48 плантация және 14 тоннадан астам құрамында есірткі бар өсімдіктер тәркіленіп, ликвидацияланды. Есірткіні заңсыз өсіру бойынша 14 және аса ірі мөлшерде өткізу бойынша 3 қылмыстық іс қозғалды. 11 күдікті ұсталды»,- деді Маткенов.

Маусым-қазан айларында жүргізілген операция қорытындысы бойынша 830 қылмыс, оның ішінде 383 өткізу фактісі, 162 есірткіні заңсыз сақтау, 233 сораны өсіру фактілері анықталды.

«Үш ҰҚТ қызметі жойылды, оларға қатысты 7 қылмыстық іс қозғалды. Олардың 2 көшбасшысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды және заңсыз айналымнан 21 тоннадан астам түрлі есірткі тәркіленді, оның ішінде: 5,5 тоннаға жуық марихуана, 300 кг гашиш, 60 кг-нан астам синтетика және 250 гр героин бар»,- деді департамент басшысы.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.