Батыс Қазақстан облысында шектеу шаралары қатаңдатылды

Облыста санитарлық посттар қойылады

Батыс Қазақстан облысында шектеу шаралары қатаңдатылды
Фото: ашық дереккөзден

Батыс Қазақстан облысында 10 қарашадан бастап 23-іне дейін шектеу шаралары қатаңдатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың қаулысына сәйкес індетке қарсы іс-шаралар жүргізу үшін Орал қаласына және облыс аудандарына кіріп-шығатын жерлерге санитарлық посттар орнатылады. Шектеу шараларының режимі мен уақыты аймақтағы COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуы жағдайының өзгеруіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін. 

Жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдарының, жедел және шұғыл медициналық көмек, мемлекеттік медициналық мекемелердің, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтердің, өрт сөндіру, авариялық-құтқару және авариялық-техникалық қызмет қызметшілерін, жергілікті әскери басқарма органдарының қызметшілерімен сүйемелденетін әскерге шақырылғандар, сонымен қатар халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін және стратегиялық нысандардың өндірістік процесін қамтамасыз ететін жұмысшыларды қоспағанда, тұрғындар қозғалысы сағат 23.00-ден 06.00-ге дейін шектеледі. Жасы 65-тен асқан адамдарға азық-түлік, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды, сондай-ақ қажетті тауарларды сатып алуды және медициналық мекемелерге баруды қоспағанда, аса қажеттілік болмаса, тұрғылықты жерінен кетпеуге кеңес беріледі.

Санитарлық посттан өтуге  кіруге / шығуға төмендегілер үшін рұқсат етіледі: - халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлері; - медициналық көрсеткіштер бойынша кіретін және шығатын адамдар; - карантинді стационарларда емделушілер мен бақыланушылар; - жүк тасымалдаушылар мен транзиттік жолаушылар; - ауысым (вахта) жұмысшыларын тасымалдайтын көлік құралдары; - күзгі далалық жұмыстарға, табиғатты қорғау, ветеринарлық, ауыл шаруашылығы жұмыстарына, жолдарды жөндеуге, авариялық-құтқару қызметіне, аса қажет тауарларды, азық-түлік өнімдерін, дәрі-дәрмектерді, қатты, сұйық жанар-жағар май материалдарын жеткізушілермен, сондай-ақ барлық жүк тасымалымен айналысатын адамдар, облыстың шаруашылық өмірін қамтамасыз ететін жабдықтармен және материалдармен айналысатындар, растайтын құжаттарды (мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, қызметкерлер үшін - жұмыс орнынан мөрмен расталған еркін үлгідегі анықтама) көрсеткен кезде; - тұрақты тұрғылықты жеріне оралатын адамдар және облыс тұрғындары (бір отбасы мүшелері) саяжай үйлеріне (саяжайларға, омартаға, қыстаққа) бару үшін құқық белгілейтін құжаттарды көрсеткен кезде; - жақын туысқаны (әкесі, анасы, ағасы, апасы, балалары) қайтыс болған тұрғындар; - тұрғылықты жерінен жұмыс орнына және кері қайту кезінде жұмыс берушінің мөрмен расталған еркін үлгідегі анықтамасы болған кезде.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.