Жалпы, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 154,7 млрд теңге бөлінген
Коронавирустың алдын алу, диагностикалау және емдеуге, сондай-ақ эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуге әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 154,7 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биылғы наурыз-қыркүйек айлары аралығында 135,6 млрд теңге төленді. Шығынның басым бөлігін, яғни 81,3 млрд теңгені эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің жалақысына үстеме құрады.
«Қор коронавирус пен пневмониямен ауыратын науқастарға көрсетілетін медициналық көмектің уақтылы төлемін жүргізеді. Бұл ретте, осы аурулармен ауыратын пациенттерге медициналық көмек МӘМС жүйесіндегі сақтандырылу мәртебесіне қарамастан көрсетіледі»,-деп жазылған хабарламада.
Наурыздан қыркүйекке дейін провизорлық және карантиндік стационарларға емдеуге жатқызуды қаржыландыруға 24,5 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды, оларда карантиндік оқшаулау және қажет болған жағдайда 240 мыңнан астам адам емделді. Covid-19 және коронавирустық пневмониямен ауыратын науқастарды амбулаториялық және стационарлық жағдайда емдеуге барлығы 18,8 млрд теңге жұмсалды. Үйдегі стационардың медициналық қызметтеріне ақы төлеу үшін 9 млн теңге жұмсалды. Мобильді бригадалардың қызметтерін төлеу үшін шілдеден қыркүйекке дейін Қор 1 млрд теңгеден астам қаражат бағыттады.