Зейнетақы қорының бес менеджері бір жылда 137 млн теңге сыйақы алған

2018 жылы сыйақы алған бес адамның екеуі, соның ішінде қордың бұрынғы басшысы қазір жұмыс істемейді

Зейнетақы қорының бес менеджері бір жылда 137 млн теңге сыйақы алған
inbusiness.kz

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2018 жылы өзінің бес топ-менеджеріне бас-аяғы 137 млн теңге сыйақы төлеген. Бұл туралы Қаржы министрлігіне қарасты Қаржылық есептілік депозитарий сайтынан білдік.

Қомақты сыйақы алғандар:

Бұрынғы басқарма төрағасы, директорлар кеңесінің экс-мүшесі Нұрбибі Наурызбаева;

Басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары,  басқарма мүшесі болған Бауыржан Мұхамеджанов;

Зейнетақы қорының қазіргі басқарушы директоры Жанар Төлегенова;

Қазіргі басқарушы директор, басқарма мүшесі – Мәулен Өтеғұлов;

Басқарма төрағасының қазіргі орынбасары, басқарма мүшесі – Сәуле Егеубаева. 

2018 жылы сыйақы алған бес адамның екеуі, соның ішінде қордың бұрынғы басшысы қазір жұмыс істемейді. Нұрбибі Наурызбаеваның өкілеттілігі 2019 жылдың сәуірінде тоқтатылған.

Қаржылық есептілік депозитарий сайтында жазылғандай, акционерлік қоғамның атқарушы органындағы осы адамдарға 2018 жылы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан» (бір жылғы жалақылары мен сыйақыларын қоса алғанда) 137 млн 266 мың теңге төленген. Орташа есеппен, айтылған тұлғалардың әрқайсысы жылына 27 млн теңге жалақы мен сыйақы алған.

Қосымша ақпаратты Зейнетақы қорының баспасөз қызметінен анықтаймыз.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.