Словакиялық компания «Қазақстан» спорт кешенін заманға сай нысанға айналдырмақ

Автор: Azattyq Rýhy

Күрделі жөндеу жұмыстарына 16,7 млрд теңге жұмсалмақ

Фото: facebook

Соңғы жылдары елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында да біршама шаруа атқарылды. Бұл ең алдымен мемлекеттік бюджетке түсетін салмақтың жүгін жеңілдетіп, кәсіпкерлер мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтуға сеп болмақ.

Мәселен, әлемдік деңгейдегі спорт кешендерін салумен айналысатын словакиялық Colosseo EAS компаниясы кезекті рет қазақстандық спорт нысанын жаңғыртуға үлес қоспақ. Кезекті рет дейтін себебіміз, бұған дейін аталған кәсіпорын Алматыдағы «Халық арена» мұз кешені мен «Барыс Арена» спорт кешенін салған.

Ендігі ретте 19 жыл бойы бірде-бір жөндеу көрмеген Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақстан» спорт кешені жақында күрделі жөндеуден өткізіледі. 2001 жылы бой көтерген мұз айдыны екі жылдан бері жабық тұр. Спорт сарайы аса күрделі жөндеуді қажет етеді, сыртқы келбеті де ескірген. Осыны ескерген жергілікті әкімдік мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында конкурс жариялап, инвестор таңдады. 16 қазанда екіжақты келісімшарт жасалды. ТМД аумағы бойынша жобалардың үйлестірушісі Максим Глазунов жөндеу жұмыстарының басталуына аз қалғанын айтты.

«Қарашада дайындық жұмыстары басталмақ. Құрылыс жұмыстары жобалық-сметалық құжаттамалар мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін басталады. Жалпы, күрделі жөндеу жұмыстарын бастау шамамен 2021 жылдың қаңтар айына жоспарланып отыр», - деді Максим Глазунов.

Жоспар бойынша спорт кешеніндегі күрделі жөндеу 18 айға созылады. Алдын ала болжам бойынша жоба құны – 16 млрд 784 млн теңгені құрайды. Дегенмен, нақты сома мемлекеттік сараптамадан кейін белгілі болады. 

«Барыс Арена» салынғанша, хоккейден талай халықаралық жарыстар өткізген кешеннің жаңа келбеті заман талаптарына сай өзгертілмек.

«Біріншіден, спорт кешені көпфунционалды орталыққа айналады. Қазір мұндағы технологиялық жабдықтар әбден ескірген. Нысан апатты жағдайда тұр. Бұл жобаның мақсаты - хоккей орталығын сақтап қалу, спорт сарайына заманауи көрік беру, тұрғындардың сұранысына сай спорттық ойын-сауық түрлерін қамтып, бос уақытын тиімді өткізулеріне жағдай жасау», - деді Максим Глазунов.

Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін «Қазақстан» спорт кешені 15 жылға Colosseo EAS компаниясына басқаруға беріледі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Күрделі жөндеу жұмыстары кезінде Colosseo EAS компаниясы авторлық құқығы өздеріне тиесілі зияткерлік технологияларды енгізуді жоспарлап отыр екен.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы инвестицияның жалпы сомасы 1 трлн 184 млрд теңгені құрайды.

«Күрделі жөндеуден кейін «Қазақстан» спорт сарайы заманауи озық технологиялармен жабдықталып, халықаралық талаптарға сай болады және онда республикалық, халықаралық деңгейдегі спорттық, мәдени іс-шараларды өткізуге мүмкіндік болады. Мұз кешені мінбелеріндегі орындар санын 7 500 бірлікке дейін көбейті жоспарланып отыр. Күрделі жөндеуден кейін заманауи технологиялардың арқасында мини-футбол, баскетбол, волейбол, бокс, көркем гимнастика, хоккей, гандбол, ауыр атлетика, синхронды жүзу, спорттық жүзу және басқа да спорт түрлері бойынша жарыстар өткізуге болады» - делінген баспасөз хабарламасында.

ТМД аумағы бойынша жобалардың үйлестірушісі Максим Глазунов коммерциялық бағыттағы мұндай келісімнің екі жаққа да тиімділігін жеткізді. Айтуынша, инвестор салған қаражатын мемлекетпен бірлескен жобаның аясында толығымен кері қайтара алады.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан