ШұғылӨткен тәулікте қанша адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды

COVID-19: АҚШ пен Еуропадағы локдаундар

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 46,6 миллионнан асты

Фото: ашық дереккөзден

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде COVID-19 жұқтырғандар саны 46,6 миллионнан асты, 1,2 миллион адам қайтыс болды.    

ЕУРОПАДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Словакияда 10 жастан асқан барлық азаматты жаппай тестілеу басталды. Жалпы алғанда, екі апта ішінде 4 миллион адам сынақтан өтеді деп жоспарланған. Билік өкілдерінің айтуынша, елдегі эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауы жағдайында бұл әдіс – ұлттық локдауннан аулақ болудың жалғыз жолы.

Ал Испанияда, Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша 1,1 миллион адам ауырып жатыр, 35,8 мың науқас қайтыс болды.

Германияда бір айға жеңілдетілген локдаун енгізілді. Шектеулер негізінен спорт, ойын-сауық және мейрамхана саласына әсер етеді. Көшеде тек екі отбасының мүшелері саналатын 10 адамға дейінгі топтық жүрістерге рұқсат берілген. Мектептер, дүкендер мен кеңселер әдеттегідей жұмысын жалғастырады.

Бельгияда қатаң шектеулер енгізілді. Франциядағы сияқты, түнгі уақытта коменданттық сағат жұмыс істейді, дүкендер әзірге ашық. 11,5 миллион адам тұратын елде COVID-19-дан қаза тапқандар саны 11 мыңнан асты. Өткен аптада аурудың жаңа жағдайларының тәуліктік статистикасы орта есеппен, 15,8 мыңды құрады. Ел бойынша ауруханалар шұғыл режимде жұмыс істеуде.

Италия карантин режимін енгізуге дайындалуда. Атап айтқанда, аймақтар арасындағы қозғалыс шектеледі. Жаңа локдаунға қарсы акциялар бүкіл елде өтіп жатыр. Ең күшті наразылық Ломбардияның солтүстік аймағында байқалады. Бұл аймақ осы көктемде алғашқы толқын кезінде пандемияның алғашқы еуропалық эпицентріне айналған еді.

Англия бейсенбіден бастап 2 желтоқсанға дейін созылатын локдаун енгізді. Өткен демалыс күндері елдің премьер-министрі Борис Джонсон шараның енгізілгенін жариялады. Ұлыбританиядағы вирус  жұқтыру жағдайларының саны 1 миллионнан асты. Бейсенбіден бастап Англия аумағында барлық ойын-сауық орындары, пабтар, мейрамханалар, спортзалдар, бассейндер мен тауарлар дүкендері жабылды. Көктемгі локдауннан айырмашылығы - мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындары ашық күйінде қалып отыр. Уэльсте, Шотландияда және Солтүстік Ирландияда да өз карантин ережелері бар.

АҚШ-тағы ЖАҒДАЙ

АҚШ-тың бас эпидемиологы Энтони Фауки Washington Post газетіне берген сұхбатында бір күн бұрын АҚШ пандемияның ауыр зардаптарына дайын болу керек деп мәлімдеді.

Фауки елдегі апатты жағдай үшін кінәні бірнеше рет қолданыстағы әкімшілікке жүктеді.

Айта кетерлігі, АҚШ әлі күнге дейін ауру мен өлім саны бойынша әлемде көш бастап келеді. 9,2 миллион адам ауырып, осы кезге дейін 231 мың жан қайтыс болды.