$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
31.10.2020, 14:59
Жаңалықтар

Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы техникаларының 80 пайызы тозған

Өңірдегі аграрлық салада 15 мыңнан астам ескі техника бар

Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы техникаларының 80 пайызы тозған

Жамбыл облысының шаруалары бұдан былай ауыл шаруашылығына арналған «LOVOL» маркалы жаңа тракторды trade-in бағдарламасы арқылы ала алады. Облыста шаруа қожалықтардың ұсақтығы мен аграрлық саладағы техникалардың тозуы секілді негізгі екі үлкен проблема бар. Өңірдегі 18 мың техниканың 15 мыңнан астамы, яғни 80% пайдалану уақыты өтіп кеткен. Trade-in жобасы «Тараз» ӘКК, «Агромашхолдинг KZ» АҚ және Өңірлік кәсіпкерлер палатасы арасында жасалған меморандум арқылы жүзеге асып отыр. Осы жобаның негізінде шаруалардан ескі техниканы қабылдап, оның орнына шаруаларға қолайлы шарттармен жаңа тракторлар беріледі. Ал ескі техника алғашқы жарна ретінде пайдаланылады. 

Мәселен, шаруалар қолданып жүрген МТЗ маркалы тракторлардың  пайдалану мерзімі тіпті, 40 жылға жеткен. Ескі болса да, оның құны екі миллион теңгенің айналасында.  Ал жаңа LOVOL трактордың құны 10,3 миллион теңге.

«Бұл шаруалар үшін өте жақсы мүмкіндік. Сондықтан мен тек жаңа трактормен шектеліп қалмай, сондай-ақ жалпы 18,5 млн теңгеге жаңбырлатып суару қондырғысын, тыңайтқыш сепкіш, соқа сатып алуды жоспарлап отырмын. Мемлекеттің мұндай қолдауын тиімді пайдалану маңызды», - деді жас кәсіпкер, жуалылық «Мерсеит »шаруа қожалығының жетекшісі Олжас Сламбай.

Жаңа трактор кондиционер және жылыту пешімен жабдықталған. «Агробизнес» бағдарламасы аясында шаруалар жаңа техника құнының 25% мөлшерінде субсидия алады. Осылайша, сол LOVOL тракторын сатып ала отырып, тек 4,5 миллион теңге ғана төлейді, ал қалған сома жылдық бес пайызбен бес жылға лизингке ресімделеді. Өндіруші екі жыл кепілдік береді немесе қозғалтқыштың 1600 сағат жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, ал «Агромашхолдинг KZ» АҚ мамандары «ТаразРемСервис» ЖШС базасында сервистік қызмет көрсететін болады. Trade-in бағдарламасының тағы бір артықшылығы ретінде төлемдер бойынша бір жылдық каникулды айтуға болады. Ал одан әрі төлемдерді алты айда бір рет жүргізе алады.

«Біздің совхозда жұмыс істеген жас кезімізде мұндай заманауи тракторлар болған жоқ. Кеңестік техниканы жүргіздік. Кез-келген мемлекеттің міндеті – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аграрлық секторды дамытуға айрықша назар аударуда. Түрлі мемлекеттік қолдау бағдарламалары жүзеге асып, субсидиялар бөлінуде. Оның ішінде жаңа ауылшаруашылық техникаларын сатып алуға салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Ең бастысы – ерінбей жұмыс істеу керек. Бұл жағдайда топырақтың құнарлылығын бағамдап, жаңа технологияларды енгізу, тек жоғары сапалы тұқымдарды пайдалану, минералды тыңайтқыштарды уақытында қолдану және ауыспалы егістік тәсіліне ден қою аса маңызды.

Жамбыл облысы еліміз бойынша алғаш рет ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту үшін trade-in әдісін қолдана бастады. Жыл соңына дейін біз 100 ескі техниканы қабылдап, шаруаларға сонша жаңа техниканы ұсынбақпыз. Болашақта өз өндірісімізді құруымыз қажет», - деді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Әмірболат Құсайынұлы, Жамбыл облысы

Серіктес жаңалықтары