Еліміздің бас санитары негізгі үш себепті атады
Шығыс Қазақстан облысында коронавирустық инфекция таралуының өршуі – халықтың көшіп-қону деңгейінің жоғары болуы мен азаматтардың карантин режимін сақтамауынан, сондай-ақ ПТР-зертханалары жұмысының баяулығынан. Бүгін журналистерге онлайн-брифинг өткізген еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов осылай деді.
Атап айтқанда, кешегі бір тәуліктің өзінде Шығыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған 202 адам тіркелді.
«Айта кетсек, көрші мемлекеттердің шекаралас аудандарында қазіргі уақытта өте қолайсыз жағдай байқалады, аурудың өсуі өте жоғары. Халықтың шекара маңындағы аудандарға жиі шығу салдарынан инфекцияның тасымалдану көрсеткіші де өсті», - деп хабарлады Ерлан Қиясов.
Сонымен қатар, аурудың таралу себебін анықтау үшін аймаққа жіберілген мемлекеттік комиссия зертханаларда бірқатар проблема барын анықтаған. Жеке зертханалар ПТР-тестілеуді алгоритм бойынша жүргізбей, талдау нәтижелері 3-5 тәулікке кешіктірілген. Соның салдарынан СЭС органдары жедел іс-шараларды кеш өткізген.
Оның үстіне, жерігілікті тұрғындардың карантин талаптарын сақтамайтыны да вирустың тез тарауына себеп болған. Бас санитардың айтуынша, мұнда халықтың 50 пайызы маска режимін сақтамайды.
Естеріңізге сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысында коронавирустық инфекцияның өршуіне байланысты карантиндік шаралар күшейтілді.