СҚО-да интернат тәрбиеленушілері коронавирусқа шалдықты

Облыста карантиндік шектеулер енгізіледі

СҚО-да интернат тәрбиеленушілері коронавирусқа шалдықты

Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют санаторлық мектеп-интернатының оқушыларынан коронавирус инфекциясы анықталды. Екі науқас 17 адаммен тығыз қарым-қатынаста болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Мамандардың хабарлауынша, қазір науқастархмен байланыста болғандардың жағдайы қанағаттанарлық, ауырып қалған балалар стационарда емделуді жалғастыруда.

Эпидемиологиялық тексеру кезінде олармен 17 адамның байланыста болғаны анықталған. Олар жіті медициналық бақылауға алынды. Ошақта қорытынды дезинфекция жүргізілген. Эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғасуда.

«2020 жылы 25 қазанда Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданындағы Мамлют санаторлық мектеп-интернатының 1 және 9-сынып оқушылары арасында жүргізілген зертханалық талдаудың нәтижесінде 2 адамның коронавирусқа шалқыққаны жайында ақпарат келіп түсті. 2004 және 2014 жылдары туған балалар эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жіті респираторлық вирустық инфекция және энтеровирустық инфекция белгілерімен «Облыстық көп бейінді балалар ауруханасы» ШЖҚ КМК инфекциялық бөлімшесіне емдеуге жатқызу кезінде коронавирус анықталған», - дейді СҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Екатерина Белоусова.

2020 жылдың 1 қыркүйегінен бері облыста оқушылар арасында коронавирусқа шалдығудың 32 жағдайы тіркелді. 17 бала штаттық режимде білім алса, 15 бала қашықтықтан оқыған.

Айта кетейік, бүгін еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов онлайн-брифинг барысында Солтүстік Қазақстан облысының коронавирус жағдайы бойынша «сары» аймаққа кіргенін мәлімдеді. Бұған дейін мұндай режим Шығыс Қазақстан облысында енгізілген. Қос өңірде де қазір карантиндік шектеулер қатаңдатылды.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.