Ресейде қазақ сұлтанына ескерткіш тақта орнатылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ораз-Мұхаммед сұлтанға ескерткіш тақтаны орнату идеясының авторы – Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов

Фото: баспасөз қызметінен

Ресейдің Рязан облысына қарасты Қасымов қаласында Жошы ұлысынан шыққан Ораз-Мұхаммед сұлтанға мемориалдық тақта орнатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі  Ресейдегі Қазақстан елшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым хандығын басқарған Ораз-Мұхаммед сұлтанға ескерткіш тақтаны орнату идеясының авторы – Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов. Естелік белгі Ораз-Мұхаммед жерленген Ескі татар зиратында, Ресейдің мәдени мұралар нысанына енген Ауған-Мұхаммед сұлтанның кесенесіне жақын жерде орнатылды.

«Сөз жоқ, бұл – бір тұлғаға ғана емес, тұтас бір дәуірге, сонау аласапыран дәуірдегі қазақ сұлтандығының Ресейдегі тарихи ізіне, екі халықтың арасындағы достық пен ынтымақтың, бірлік пен тірліктің өзіне қойылған ескерткіш деп білемін. Сол себепті, Ораз-Мұхаммедтің есімі бүгінгі ұрпақ санасында орыс-қазақ достығының символы әрі екі ел арасындағы дипломатиялық алыс-берістің қарлығашы ретінде мәңгі сақталады», - деді салтанатты шара барысында Елші Иманғали Тасмағамбетов.

Ол сондай-ақ бастамаға қолдау көрсеткен Рязан облысының әкімшілігі мен дипломатиялық өкілдігіне алғыс білдірді. Мемориалдық тақтаны жасау үшін табиғи қоңыр түсті гранит пайдаланылған. Ескерткіштің биіктігі үш метр. Төбесіне доғал күмбез орнатылған. Естелік тақтаға «Ораз-Мұхаммед Онданұлы, 1573-1610. Қазақ сұлтаны, Қасым хандығын билеуші», деп жазылған.