ШҚО-да 18 колледж лицензиясын өз еркімен қайтарып берді

Автор: Azattyq Rýhy

Биыл департаментке лицензиялау мәселелері бойынша 114 өтініш келіп түскен

көрнекі фото

Шығыс Қазақстан облысы бойынша білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Зейнеп Мақсұтова 10 айдағы атқарылған жұмыс нәтижесін айтты. Айтуынша, бүгінде ШҚО-да 18 колледж 41 мамандық бойынша лицензияға қосымшаны өз еркімен қайтарған.

«Биыл департаментке лицензиялау мәселелері бойынша 114 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 62 өтініш қанағаттандырылды, 46 өтініштен бас тартылды, ал 6 өтініш қаралуда», – деп атап өтті Зейнеп Махсутова.

Білім туралы құжаттарға апостиль қою қызметі бойынша биыл қаңтар-қазан айларында 561 өтініш келіп түскен.

«Барлығы 497 құжатқа апостиль қойылды, оның ішінде 394 – жоғары білім туралы, 94 – кәсіптік-техникалық білім туралы және 94-жалпы орта білім туралы құжат. 64 құжат қабылданбады. Бас тарту себебі негізінен мемлекеттік баждың төленбеуімен немесе дұрыс төленбеуімен, сондай-ақ таңдалған елдердің Гаага конвенциясына кірмеуімен байланысты», - деп түсіндірді Зейнеп Махсутова.