Алматы облысында жоғалып кеткен мұғалім табылды

Ол бес күннен бері хабарсыз кеткен еді

Алматы облысында жоғалып кеткен мұғалім табылды

Алматы облысында із-түзсіз жоғалып кеткен мұғалім аман-есен табылды. 45 жастағы мұғалім Семей қаласына кетіп қалған екен. Әріптестері мен отбасын әуреге салған Әсем Бейсенқызы дін аман. Аталықова ешкімге ескертпей, отбасын тастап кетуіне күйеуімен ренжісіп қалуы себеп болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

«Анам табылды. Семей қаласының маңында жүргенін телефоны арқылы білдік. Қазір сол жаққа қарай шығып барамын. Әкем екеуі оқиғадан бірнеше күн бұрын ренжісіп қалыпты. Жексенбі күні Талдықорғандағы базарға барып, екеуі азық-түлік алған. Оңтайлы сәтті пайдаланып кетіп қалған екен. Бәрінен де 10 жастағы кенже інім қуанатын болды. Тезірек жетіп, алып келем анамды үйге»,- деді Ерболат Бекқасым. 

Е.Бекқасым Ақтау қаласындағы әскери қызметін тастап, анасын іздеу үшін арнайы келген. Ал Алматы облыстық білім басқармасы сабағын тастап кеткен мұғалімді жұмыстан шығармайтындарын, отбасылық жағдайға түсіністікпен қарайтындарын хабарлады. 

«Кербұлақ ауданы Қосағаш орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Аталықова Әсем Бейсенқызы 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап шағын орталықта аға тәрбиеші, 2019 жылдың 5-қарашасына  бастап негізгі мамандығы бойынша бастауыш сынып мұғалімі болып бүгінгі күнге дейін жұмыс істеген. 15- қазанынан  бастап денсаулығына байланысты Қоғалы ауылдық ауруханасына жатып, 22 қазанда ауруханадан шыққан. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы 29 қазанға дейін екенін мектеп директорына хабарлаған. 25 қазан күні Талдықорған қаласына жолдасымен келіп, үйіне азық түлік алып, денсаулығын қайта тексерту үшін Алматыға баратынын хабарлаған.Алайда сол кезден бастап хабарсыз кетті. 30 қазанда жұмысқа шығу керек, орнына басқа мұғалім сабақ береді. Жұмыстан қуылмайды»,- деді Алматы облысы Білім басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Інжу Заманбекқызы.

Кеше Алматы облысында мұғалімнің жоғалып кеткенін жазған болатынбыз. 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.