Құрылыс жұмыстары бойынша қаражат дұрыс игерілмеген
«Республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту» жобасының бюджеті 26,3 млрд теңгеге қысқарған. Бұл туралы Сенаттың кезекті отырысында депутат Ләззат Рысбекова мәлімдеді.
Депутаттың айуынша, автожолдардың құрылысы мен реконструкциялау мәселесінде жұмыстарды мерзімінен кешіктіру, мердігермен келісімдерді бұзу және істердің сотқа өтуі сынды себептер қаражаттың дұрыс игерілмеуіне әкеп соққан.
«Республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту» жобасының бюджеті 26,3 млрд теңгеге қысқарған. Оның ішінде 13,9 млрд теңге республикалық автожолдарға бөлінген. 10 млрд теңге жолдарды салу және реконструкциялау бойынша «ҚазАвтоЖол» АҚ-дан тартылған ақша. 2,4 млрд теңге жергілікті жолдарды дамытуға бағытталған. Мемлекет басшысының жолдауында айтылып өткендей, 2025 жылға дейін 24 мың шақырым жолды реконсрукциялау және автожолдарды тиісті сервистермен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілмек? Шығындарды оңтайландыру жұмыстары жолдардың сапасына қалай әсер етеді? Қаражаттың қысқаруы «Нұрлы жол» бағдарламасының тиімділігін төмендетпей ме? Оның үстіне «ҚазАвтоЖол» АҚ атқарып жатқан жұмыстарға шет елдерден қарыз алынғаны бар. Ал оларды қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен біраз қаражат бөлініп жатыр» - деді Ләззат Рысбекова.
Өз кезегінде ҚР Индустрия және инфрақұрылым даму министрінің міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаев аталған сома алдағы уақытта толық игерілетінін жеткізді.
«24 мың шақырым жердің 13 мыңы бүгінде реконструкциядан өтті. 2020-2025 жылдары 11 шақырым жерді құрайтын жолдың жұмыстарын аяқтайтын боламыз. 26,3 млрд теңгенің 18,5 млрд-ы жүргізіліп жатқан жұмыстарға үлестірілді. 7,8 млрд теңге бюджетке кері қайтарылды. Бұл сома 2021-2022 жылдары қайта қарастыралатын болады. Тиісінше, барлық қаражат игеріледі деп жоспарлануда. Барлық жұмыстар өз уақытында аяқталатын болады. «ҚазАвтоЖолдың» қарыздары туралы айтатын болсам, бізде 5 жылдық жеңілдетілген кезең бар. Сондықтан да мемлекетке бұл орайда ешқандай қосымша міндеттер жүктелмеген» - деді Қайырбек Өскенбаев.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан