«СҚ-Фармация» қоймасында коронавирустан емдейтін 12 түрлі дәрі жетіспейді

Автор: Azattyq Rýhy

Қорда болуы тиіс дәрілік заттар 20 қарашаға дейін жеткізіледі

Фото: Батыржан Беспаев

26 қазанда «Астана - адалдық алаңы» жобасы аясында елордалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, қалалық әкімдік, «Фармацевтика қызметін қолдау және дамыту қауымдастығы» ЗТБ филиалының мамандары «СҚ-Фармация» ЖШС қоймаларының қорын тексерді.

Қазір 8,2 миллиард теңге тұратын дәрінің 44 түрін сатып алу процесі жүріп жатыр. Бұл бір айда 60 мың науқасты емдеуге көмектеседі. «СҚ-Фармацияның» мәліметінше, қорда 44 түрлі дәрі болуы керек.

«Мониторинг тобы қоймада дәрінің 32 түрі сақталғанын анықтады. Қорда болуы тиіс 12 позиция жоқ, ал бес түрлі дәріні жеткізудің шарты мүлдем жоқ», - деді «Астана - адалдық алаңы» жобасының жетекшісі Мирас Шекенов.

Компания өкілдерінің айтуынша, қорда болуы тиіс дәрілік заттар 20 қарашаға дейін жеткізіледі.