Талдықорғанда Болат Назарбаевтың қоғамдық қоры салған жаңа мешіт ашылды
Мешіт 3 мыңға жуық адамды қабылдай алады

Талдықорғанда Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының қаражатына салынған жаңа мешіттің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Мешіт құрылысы 2018 жылы басталған еді. Жалпы көлемі 2 000 шаршы метр болатын «Тәубе» қалалық мешіті үш мыңға жуық адамды қабылдай алады.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атынан және өзімнің атымнан дінді дамытуға елеулі үлес қосқан қорға алғысымды білдіргім келеді. Олардың көмегімен ғасырлар бойы біздің сенімімізді ұрпақтарға тарататын мешіт пен медресе салынды», - деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы.
Айта кету керек, «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорын 2016 жылы Болат Назарбаев құрған еді. Осы уақытқа дейін оның қолдауымен Алматы облысында 350 орынға арналған мешіт, Алматы қаласында 1 000 адамға арналған мешіт салынды. 2020 жылы қор коронавирусқа қарсы күрес үшін 150 миллион теңге бөлді.
Сонымен қатар Түркістан облысының Мақтарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға жиырма үй салып берді. Алғашқы күні-ақ жапа шеккен жандарға 20 тонна гуманитарлық жүк жеткізді. Аз қамтылған отбасылардың 20 баласы жазғы лагерьде демалды.