«Атырау қоймасындағы екі айлық дәрі-дәрмек қоры толық емес». Басқарма жағдайды түсіндірді
Басқарманың хабарлауынша, тексеру тобы қоймадағы дәріні облыстағы ұйымдарға таратып болған кезде келген
Атырау облыстық Денсаулық сақтау ұйымдарының қоймасында сақталған дәрілік заттардың екі айлық қорына қатысты облыстық Денсаулық сақтау басқармасы түсінік берді.
«Басқармаға қарасты Атырау қалалық №3 емханасында және «СҚ-Фармация» ЖШС-нің Атырау облысындағы операциялық қоймасында екі айлық қор толық емес деген ақпарат шықты. Оған ешқандай негізі жоқ. Өйткені, коронавирус инфекциясын емдеу үшін амбулаториялық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге арналған Денсаулық сақтау министрлігінің 666 бұйрығы шыққан болатын. Соған сәйкес, осы жылдың 20 шілдесінде емдеу тізіміне 3 антикоагулянт пен 2 қызу түсіретін дәрілік препарат енгізілді. Бүгінде облыс бойынша оның 194 460 данасы әкелінген. Яғни, бұл дәрілік заттардың барлығы бастапқы медициналық санитариялық ұйымдардың қоймаларында сақтаулы», - делінген басқарманың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Басқарманың хабарлауынша, Атырау қалалық №3 емханасындағы 53 380 дана дәрілік зат қорда тұр.
«Айта кетерлігі, пандемияның бірінші толқынында аталған емхана тіркелушілерінің 1 пайызы ғана коронавирус инфекциясына шалдыққан. Осы көрсеткішті басшылыққа ала отырып есептесек, №3 емхананың қоймасында қазір тіркелушілердің 7 пайызына жететіндей дәрілік қор бар. Емханаға келген топ емханадағы күнделікті дәріні ғана қараған», - деп түсіндірді Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының медициналық көмекті ұйымдастыру және лицензиялау бөлімінің басшысы Нина Оспанова.
Ал негізгі қоймадағы дәрілік заттардың болмауы себебін «СҚ-Фармация» ЖШС-нің өкілі операциялық қоймаға дәрілік заттар тек медициналық ұйымдардың сұранысына сәйкес әкелінетінін алға тартты. Айтуынша, батыс өңірі үшін дәрілік заттың қоймасы Ақтөбе қаласындағы үлкен қоймада сақталады. Атырау облысындағы филиалдың сұранысына сай дәрілер әр аптаның сәрсенбі күні әкелінеді. Ал мониторинг топ қоймадағы дәріні облыстағы ұйымдарға таратып болған кезде келген.
«Қордағы дәрі мәселесі көтерілгенде Денсаулық сақтау министрлігі және «СҚ-Фармация» ЖШС басшылығымен хабарласып, Атырау облысына тиесілі дәрілік заттарды өңірдегі қоймаға әкелу туралы сөйлескен едік. Бірақ ол тарап қазір Атырау облысындағы емхана мен қоймадағы қажетті дәрілік заттардың жеткілікті екенін алға тартып отыр. Мәселен, 21 қазан күні «СҚ-Фармация» ЖШС қоймасына 35,6 миллион теңгеге 80 атауы бойынша дәрі әкелінді», - деді Нина Оспанова.
Еске салайық, жақында Атырау облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті қаладағы «СҚ-Фармация» қоймасына арнайы тексеру жүргізіп, коронавирусқа қарсы кейбір қажетті дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс құралдарының жетіспейтінін анықтаған.