Шекарада карантиндік шаралар күшейді: 139 жолаушы коронавирус жұқтырған

Автор: Azattyq Rýhy

БАӘ, Беларусь, Германия, Түркия және Украинаға әуе рейстерінің саны қысқартылады

Фото: ашық дереккөзден

Әлемде күн сайын науқас саны өсуде. Бүгінде 215 елде 41 022 518 КВИ жағдайы тіркелген. 1 128 931 адам қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Осыған байланысты 2020 жылдың 6 қазанынан бастап шекарада санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. 

«Бүгінге дейін автомобиль өткізу пункттері арқылы 73 591 ҚР азаматы мен шетелдік, оның ішінде 21 591 жолаушы келді, 5 967 адам карантиндік стационарға  жатқызылды, олардың ішінде 122 адамда ауру анықталды. Халықаралық әуе рейстермен 34 446 жолаушы келді, оның ішінде 5 925 адам тесттен өтті, 17 адамнан ауру анықталды», - деді вице-министр.

26 қазаннан бастап әуе рейстерінің саны қысқартылады.

«26 қазаннан бастап мына елдерге әуе рейстерінің саны қысқартылады: Украинамен аптасына 6-дан 1 рейске дейін, Біріккен Араб Әмірліктерімен аптасына 24-тен 16 рейске дейін, Германиямен аптасына 6-дан 4 рейске дейін, Беларусь республикасымен аптасына 9-дан 4 рейске дейін, Түркиямен аптасына 18 рейске дейін қысқартылды, қарашадан бастап 6 рейс болады. ҚР-ға келетін азаматтарда міндетті түрде тапсырылғанына 72 сағаттан аспаған ПТР-тест нәтижесі болуы қажет. Егер анықтама болмаса, қазақстандықтар екі тәулікке дейін карантиндік стационарға жатады», - деп айтып өтті Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният. 

Айта кетерлігі, 21 қазандағы жағдай бойынша елімізде 109 766 науқас тіркелді, соңғы тәулікте 143 адам COVID-19 жұқтырған, 1 803 адам қайтыс болды.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан