«Охотзоопром» мекемесіне жаңа басшы тағайындалды
Жаңа басшы бұған дейін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығымен Айнабеков Марлен Сансызбайұлы «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК бас директорының міндетін атқарушы болып тағайындалды.
Марлен Айнабеков бұған дейін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Осы салада үлкен тәжірибесі бар. Айта кету керек, бүгінгі таңда браконьерлікпен күрес өзекті мәселелердің бірі.
Инспекторлардың қаза болуына байланысты соңғы оқиғаларды ескере отырып, Министрлік басшылығы жаңа басшыға инспекторлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды тапсырды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз аң аулағаны үшін жауапкершілікті күшейту жөнінде тапсырма берді.
Бұл мәселе бойынша Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша 28 қазандағы Заңы аясында браконьерлік үшін жауапкершілікті күшейту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.