Батыс Қазақстанда шектеу шаралары күшейтіледі
Жаңа қаулы 17 қазаннан бастап күшіне енеді
Батыс Қазақстан облысында шектеу шаралары күшейтілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік бас санитар дәрігерінің 17 қазаннан бастап күшіне енетін қаулысына сәйкес мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде санитарлық талаптар қатаңдатылды. Қаулыға сәйкес транзиттік жүк тасымалдайтын халықаралық автокөліктер облыс аумағы арқылы тоқтаусыз өтеді. Қазақстанның үкіметтік делегацияларын, ҚР Сыртқы істер министрлігінің шақыруы бойынша келетін шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың ресми делегациялары мүшелерін, елімізде аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің және халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің қызметкерлерін және олардың отбасы мүшелерін, сондай-ақ транзиттік жүк көліктерін қоспағанда, шекараны кесіп өткен кезде кем дегенде 72 сағат бұрын ПТР әдісімен алынған анықтамасы жоқ адамдар COVID-19-ға зертханалық тексеруден өту үшін карантиндік стационарларға баруға міндетті.
Сондай-ақ көпшілік іс-шаралармен қатар барлық ойын-сауық нысандарының, кинотеатрлардың, фудкорттардың, банкет залдарының, ойын алаңдарының (аулалардағыны қоспағанда), түнгі клубтардың, барлардың, караоке, компьютерлік және ойын клубтарының, кальяндық, букмекер кеңселерінің, кейтерингтік және мерекелерді ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсетудің, меншік нысанына қарамастан, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің (кезекші топтарды қоспағанда) қызметіне тыйым салынды. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының қызметкерлерінің кемінде 50 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшеді.