ДСМ кадр тапшылығы бойынша мәлімет берді
Медицина мамандарының жетіспеушілігі тек Қазақстанда емес, жалпы кез келген елде маңызды. Қазір денсаулық сақтау жүйесіндегі медицина қызметкерлерінің саны 253 883 адам: оның ішінде дәрігерлер – 74 046, орта медициналық персонал – 179 837. ДСМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен жылмен салыстырғанда дәрігер саны 1,5%, ал орта медициналық қызметкерлер саны 2,6% өскен.
Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында дәрігер кадрлармен қамтамасыз ету көрсеткіші төмен. Себебі, медициналық ұйымдардың көбі Нұр-Сұлтан мен Алматыда шоғырланған.
15 шілдедегі жағдай бойынша, елде дәрігер кадрлардың тапшылығы 5 201 адамды құраған. Ең көп қажеттілік Қостанай облысында байқалды - 624 штат. Алайда, жас мамандарды өңірлерге бөлу нәтижесінде (10 қыркүйектегі жағдай – ред.) Қостанай облысындағы кадр тапшылығы 52% азайған.
Қазір елде дәрігер тапшылығы 4 122 бірлікке тең. Сондай-ақ 8583 орта медицина қызметкері жетіспейді. Республика бойынша 652 практика дәрігері қажет. Анестезиолог-реаниматологтар мамандарға деген қажеттілік – 360,5 штат.