Қазақстанда дәрігерлер жалақысы 550 мыңға дейін жетеді – Қанат Төсекбаев
Бүгінгі таңда дәрігерлердің орта жалақысы – 253 мың теңге
Қазақстанда дәрігерлер жалақысы 2023-2025 жылдарға дейін 550 мыңға дейін жетеді. Бұл туралы ОКҚ-да өткен онлайн брифингте ҚР ДСМ Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Қанат Төсекбаев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мемлекет басшысы 2023 жылға қарай дәрігердің орташа жалақысының экономикадағы орташа жалақыға қатынасын 2,5 есеге жеткізу міндетін қойды. Жақсы өмір сүру жағдайларын, қаражаттың қалыпты деңгейін қамтамасыз ету арқылы әлеуметтік қолдау шаралары мен кепілдіктер жүйесі арқылы дәрігер мен жалпы медицина қызметкерінің мәртебесін көтеру қажет», - дейді Төсекбаев.
Төсекбаев, алдағы жылдары дәрігерлер жалақысының жарты миллионға дейін көтерілетінін айтты.
«2025 жылға дейін жыл сайын дәрігерлердің жалақысын көтеру жоспарланып отыр. 2017 жылы дәрігерлердің айлықтары 97 мың болса, бүгінгі таңда орта жалақысы 253 мыңға дейін барады. Ал 2025 жылда дәрігерлердің орташа айлықтары 550 мыңға дейін жетеді», - дейді Төсекбаев.