$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.10.2020, 11:13
Жаңалықтар

Қазақстанға пандемия кезінде шетелден келген гуманитарлық көмек дұрыс таратылды ма?

Гуманитарлық көмек қабылданған күннің ертесіне таратылуы тиіс

Қазақстанға пандемия кезінде шетелден келген гуманитарлық көмек дұрыс таратылды ма?
Фото: ашық дереккөзден

Кешегі маусым-шілде айларында ушыққан коронавирустық пневмония Қазақстандағы көп отбасыға ауыр қайғы алып келгені ұзаққа дейін ұмытылмайды. Аты жаман ауру ешкімнің атақ-даңқына, қызметіне қараған жоқ. Өкініштісі, жыл сайын дамытуға жүздеген миллиард теңге жұмсалатын отандық медицина саласы осынау пандемияға дайын болмай шықты. Ауруханаларда орын, дәріханаларда дәрі болмай... қырылып қалдық.

Халық дәрі таппай, елде дүрбелең болып жатқанда «СҚ-Фармация» ЖШС-нің (қазақстандықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жауапты компания) қоймаларда қажетті препараттарды ұстап отырғаны анықталды. Бұл сәтте елге жан-жақтан гуманитарлық көмек те ағылып келіп жатқан. Алайда, тек құзырлы органдар араласқаннан кейін ғана бұл көмек қоймадан республиканың облыстарына жөнелтіле бастады.

Қазір «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшыларын құқық қорғау органдары тергеп-тексеріп жатқаны айтылды. Ал біз гуманитарлық көмекті қабылдау және тарату тәртібі туралы айтпақпыз.

ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ҚАБЫЛДАНҒАН КҮННІҢ ЕРТЕСІНЕ ТАРАТЫЛУЫ ТИІС

Төтенше жағдай кезінде Қазақстанға алғашқы жәрдем Қытай, Жапония, Түркия, Пәкістан, Катар, БАӘ-нен келді. Артынша бұл тізімді Өзбекстан, Украина, Ресей, Германия, Моңғолия және өзге елдер жалғады.

Денсаулық сақтау министрлігінің үлестіру ережесіне сәйкес, барлық тиелген жүк қабылданған күннің ертесіне-ақ таратылуы тиіс. Сонымен қатар, елімізге келіп жеткен кез келген гуманитарлық көмек әуежайда тұрақтамай, бірден қоймаға жіберіледі.

КАТАРДАН КЕЛГЕН ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК НЕГЕ ҮЛЕСТІРІЛМЕДІ?

Жоғарыда атап өткендей, «СҚ-Фармация» ЖШС пандемия кезінде гуманитарлық көмекті таратуға құқығы бар еліміздегі жалғыз оператор болды. Оның төңірегіндегі шу Катардан келген дәрі-дәрмекті ұзақ уақыт қоймада ұстап отыруынан кейін туындаған еді. Науқастармен бірге дәрігерлер де қырылып жатқанда, «СҚ-Фармация» 9 тоннаны құрайтын медициналық бұйымдарды 1,5 ай бойы таратпаған.

Жұрт шулағаннан кейін компания басшылары дереу ақталып, «Катар шейхы жіберген жүк ілеспе құжаттарсыз және тауар сапасының сертификатынсыз жеткізілген» дегенді айтты. Артынша бұл іске Сыртқы істер министрлігі араласып, Катардан тиісті қағаздар реті сұралды. Осылайша, аталған көмек тек 3 шілдеде медициналық мекемелерге жөнелтілді.

Тағы бір айта кетерлігі, 11 мамырда елімізде төтенше жағдай аяқталған тұста, «СҚ-Фармация» ЖШС гуманитарлық көмекті тарататын операторлық құқығынан айырылған болатын. Компанияның мәліметтеріне көз жүгіртсек, одан кейін келіп түскен көмектерді «СҚ-Фармация» құқығы болмаса да, өңірлерге еркін түрде үлестіргенін байқауға болады. Тізімде Түркия, Пәскістан, Жапония, Қытай, Катар елдері және ДДСҰ бар. Дегенмен, бұл мәселеге ешкім бас қатырмаған сыңайлы. Ал 4 шілдеде Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен дистрибьютор аталған міндетті ресми түрде қайта өз мойнына алды.

ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕКТІҢ САТЫЛҒАНЫ РАС ПА?

Дәрі-дәрмек тапшылығы ушыққан тұста бұл іске Мемлекет басшысының өзі араласып, «СҚ-Фармация» ЖШС-нің басқармасы төрағасы Берік Шәріпті қызметінен босатуды бұйырды. Бұл сәтте әлеуметтік желі қолданушылары гуманитарлық көмек ретінде жеткізілген дәрілердің дәріханаларда сатылып жатқанын айтып дабыл қағып жатқан.

Тегін берілуі тиіс дәрілер сатылып жатқан болуы мүмкін деп жазғандардың қатарында Facebook қолданушысы Айжан Хамит те бар. Ол 8 шілдеде әлеуметтік желіде қалдырған жазбасында былай деген:

«Оқырманым «Тамифлю» дәрісін Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік ел 37 мекенжайы бойынша орналасқан дәріханадан 9000 теңгеге сатып алған екен. Менің білуімше, сәуір айында АҚШ-тан жалпы құны 800 000 долллар болатын гуманитарлық көмек келді. Бұл препарат штатта Тамифлю/осельтамивир деп аталады. Мен оның екі флаконын 200 долларға сатып алғанмын. Демек, біреуі 100 доллардан болғаны. Оны тек рецепт бойынша береді. Дәрінің сыртында «RX only» деген белгісі және NDC нөмірі бар. Мұндай белгілер тек штаттарда ғана қолданылады. Гуманитарлық көмек сатылып жатыр деп ойламайсыздар ма?» - деп жазды ол.

Дегенмен, Денсаулық сақтау министрлігі блогерлердің бұл ақпараты ешқандай шындыққа жанаспайтынын айтып, ресми мәлімдеме жасады.

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР?

Жалпы, «СҚ-Фармацияның» артында бір шикіліктің бар екенін тіпті депутаттар да болжады. Артынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі істі өз қолына алғаны белгілі. Осылайша, COVID-19 вирусымен күресуге бағытталған барлық гуманитарлық көмекті тарату жұмысын 14 шілдеден бастап агенттік қатаң бақылауға алды. Алайда, мұндай жүйе жемқорлықтың алдын алуға жеткіліксіз болған сыңайлы. Өйткені мемлекеттік органнан бөлек, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанынан құрылған «Қоғамдық бақылау» ұйымының өкілдері де үлестіру жұмыстарын өз назарларында ұстайды. Яғни, комиссия мүшелері гуманитарлық көмекті қабылдап қана қоймай, енді ол діттеген жеріне қашан және қандай көлеммен жеткені жөнінде мониторинг жүргізіп отырады. Сондай-ақ, көмек ретінде келген әрбір қорапқа бұдан былай «Гуманитарлық көмек – ТЕГІН» деген жазудың жапсырылуы міндеттелді.

478 МЫҢ ДАНА ДӘРІ-ДӘРМЕК ПЕН 15 МЛН МЕДИЦИНАЛЫҚ БҰЙЫМ КЕЛДІ

ҚР Сыртқы істер министрлігінің Azattyq Rýhy тілшісіне берген мәліметінде наурыз-қыркүйек айлары аралығында Қазақстанға төменде көрсетілген мемлекеттерден гуманитарлық көмек келгені айтылған.

  • АҚШ
  • БАӘ
  • Вьетнам
  • Дания
  • Германия
  • Грузия
  • Еуропалық Одақ
  • Жапония
  • Израиль
  • Канада
  • Қытай
  • Қатар
  • Молдова
  • Моңғолия
  • Норвегия
  • Оңтүстік Корея
  • Өзбекстан
  • Пәкістан
  • Польша
  • Португалия
  • Ресей
  • Сербия
  • Сингапур
  • Түркия
  • Украина
  • Үндістан
  • Чехия
  • Швеция
  • Түркия
  • Үндістан
  • Пәкістан
  • Жапония

Аталған мемлекеттерден бөлек, ДДСҰ, отандық және шетелдік ірі компаниялар да елімізге көмек қолын созды. Соның нәтижесінде, гуманитарлық көмек аясында 13 елден 478 мың дананы құрайтын дәрі-дәрмек, 18 елден 15 млн дана медициналық бұйымдар (оның ішінде 125 ИВЛ аппараты мен 265 тыныс алу концентраты бар) жеткізілді.

ҚАЗАҚСТАН ӨЗ АТЫНАН ҚАЙ ЕЛДЕРГЕ ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖІБЕРДІ?

Өз кезегінде Қазақстан да қарап қалмай, көрші елдерге көмек қолын созып жатты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша пандемия жағдайында көрші елдерге қолдау көрсету мақсатында, еліміз Қырғыз Республикасына, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттеріне гуманитарлық көмек көрсетті. Атап айтқанда, осы жылдың сәуір айында Тәжікстанға 5 мың тонна бидай ұнын, мамырда дәл осындай асарды Қырғызстанға жіберді. Сондай-ақ, тамыз айында Өзбекстан еліне 1 мың тонна бидай ұны, консервілер және май жолданды.

Сонымен қатар, маусым мен қыркүйек айларында еліміз Ауғанстан Ислам Республикасына да көмек қолын созды. Ол жаққа ұн, макарон өнімдері, күнбағыс майы және қоюлатылған сүттен тұратын азық-түлік өнімдері жіберілді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.

Жалпы, Қазақстанға келетін гуманитарлық көмектер легі әзірге тоқтаған жоқ. «СҚ-Фармацияның» сайтында көрсетілген тізімге көз салсақ, қазан айында Сингапур, Италия, Қытай, Кипр, Оңтүстік Корея елдерінен медициналық бұйымдардың партиясы, сондай-ақ ИВЛ апппараттары мен ПТР-тесттері келеді деп көрсетілген. Коронавирустың бірінші толқынында әсіресе, осы ИВЛ аппараттары мен ПТР-тесттердің тапшылығы қараша жұртты әбден әбігерге салғанын ескерсек, індеттің екінші толқынында ел билігі олқылықты болдырмауға барын салмақ. Әзірге елдегі жағдай тұрақты болғанымен, тағы да дүрбелең болмасына ДСМ тарапынан кепілдік берілген жоқ.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары