2020 жылдан бастап , Щучинск – Петропавл, Омбы – Павлодар және Нұр-сұлтан – Қостанай – Ресей шекарасы учаскелері ақылы болады
Қазақстанда ақылы жолдардан 4 млрд теңгеден астам қаражат жиналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның айтуынша, қазіргі уақытта елімізде төрт ақылы учаске жұмыс істейді: Нұр-Сұлтан – Щучинск, Нұр-Сұлтан – Теміртау, Алматы – Қорғас, Алматы – Қапшағай. Бұл жолдардың жалпы ұзындығы 682 км құрайды.
«2019 жылдың басынан бастап 2019 жылдың 1 қарашасына дейін алымдар 4,3 млрд теңгені құрады. Атап айтқанда, қазақстандықтар Нұр-Сұлтан – Щучинск автожолы бойынша жол жүргені үшін 1,4 млрд теңге, Нұр-Сұлтан – Теміртау – 1,4 млрд теңге, Алматы – Қапшағай – 798,7 млн теңге, Алматы – Қорғас – 701,8 млн теңге төледі», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2020 жылдан бастап «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінде инвестор қаражаты есебінен ақы төлеуді енгізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Щучинск – Петропавл, Омбы – Павлодар және Нұр-сұлтан – Қостанай – Ресей шекарасы учаскелері ақылы болады.