Арыс қаласында 100 отбасы баспаналы болды
Жаңа шағын ауданның құрылысына қайырымдылық қоры 850 млн теңге бөлген
Арыс қаласында қайырымдылық қордың есебінен бой көтерген «Баламекен» шағын ауданынан 100 отбасы жаңа баспанаға ие болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қолданысқа берілген екі отбасына лайықталған «дуплекс» типті 50 үй толық аяқталған, әрі ас үй жиһазы мен тұрмыстық техникамен жабдықталған. Әр үйдің ауласында 10 сотық жер телімі бар. Қалалық инфрақұрылымға қосылған жаңа шағын ауданда тас жол төселген. Балалардың ойын алаңы орнатылып, ағаштар отырғызылған.
«Апаттан кейін бүкіл қазақ елі Арыс халқының қайғы-мұңын бөлісіп, қол ұшын созды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келіп, халықпен бірге екенін көрсетсе, ҚР Премьер-министрі екі апта сайын келіп, Арыстағы құрылыс жұмыстарын бақылауды назардан тыс қалдырмады. Атқарылған ауқымды жұмыстар ел еңсесін көтеріп, ертеңгі күнге деген сенімдерін арттырды. Арыста атқарылған ауқымды жұмыстар ел еңсесін көтеріп, ертеңгі күнге деген сенімдерін арттырды», – деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қосман Қайыртайұлы өз сөзінде.
Дендробақ жанында орналасқан жаңа шағын ауданның құрылысына қайырымдылық қоры 850 млн теңге бөлген.