Шетелдік басылымдардың хабарлауынша, бұл соңғы елу жылда Венецияда болған ең ірі су тасқыны
Венецияда соңғы елу жылдағы ең ірі су тасқыны болды. Қала мэрі бұған климаттың өзгеруін кінәлап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ВВС-ге сілтеме жасап.
«Венецияда толассыз жауған жаңбырдан су деңгейі 1,87 метрге көтерілді. Қала тұрғындары мен туристер арнайы аяқ киімдермен су кешіп жүр. Кейбір туристік орындар жабық», - деп жазады басылым.
Автордың хабарлауынша, екі адам қаза тапқан. Ал Венеция мэрі Луиджи Бругнаро қалада төтенше жағдай жариялады.
«Біз үкіметтен көмек сұраймыз. Мұның барлығы климаттың өзгеруінің кесірі», - деп жазды қала мэрі Твиттердегі парақшасында.
Қаланың көп бөлігінде сауда мен бизнес жұмысы тоқтап тұр. Қалада үш автобус суға кетті, әзірге зардап шеккендер туралы хабарланған жоқ.
«Италияда қатты жауын сейсенбі күні басталды және алдағы күндері ауа райы жақсармайтыны айтылды», - деп жазады ВВС.