Алматы ауасының сапасы 20 минут сайын тексеріледі – фоторепортаж
Алматы қаласындағы «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны зертханасынан фоторепортаж
Күнделікті жұтып жүрген ауа қаншалықты таза? Сіздің денсаулығыңызға қай кезде зиян келеді? Тіршілік көзінің сапасын тексеріп жүргендер кімдер? Осы сұрақтарға жауап алу мақсатында біз Алматы қаласындағы «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны зертханасына бардық.
Қазақстанда атмосфералық ауаның сапасына бақылау жүргізетін жалғыз ұйым филиалының мамандары ең үлкен мегаполистегі жұртшылықты жиі мазалайтын сұрақтарға жауап берді.
Жалпы, республика бойынша атмосфералық ауаның сапасына 45 елдімекенде орналасқан 140 бақылау бекетінде және 15 жылжымалы зертханада мониторинг жүргізілсе, стационарлық бекеттердің 16-сы Алматы қаласында орналасқан.
«Оның 11-інде ауа сапасына бақылау автоматты түрде, 5-еуінде қол күшімен жүргізіледі. Автоматты түрдегі әдісте нәтижелерді әр 20 минут сайын бағдарламадан көріп отырамыз. Бақылау бекеттері қала ішінде – Бостандық, Әуезов, Түрксіб, Жетісу, Медеу, Алатау, Алмалы аудандарында тұр. Бізге мәлімет түскеннен кейін оны сараптап, ауаның ластану деңгейі жоғары болса, ақпаратты Экология департаментіне жібереміз. Ластануға құрылыс жұмысы, жүк көлігінің түтіні, өрт, тағы басқа көптеген факторлар әсер етуі мүмкін», - дейді атмофералық ауа тобының инженері Әсел Рысқұлова.
Айта кетерлігі – «Қазгидромет» құзіретіне ауаның ластануына байланысты шара қабылдау жұмыстары кірмейді. Ол тек – тиісті мәліметті ұсынушы мекеме.
«Стационарлық бекеттердегі ауа сынамасы күніне үш рет – таңғы 7-де, түскі 1-де және кешкі 7-де алынады. Толық бақылау кезінде түнгі 1-де сынама алынып, зертханаға әкелінеді. Сөйтіп ауа құрамындағы қоспалар – фенол, формальдегид, шаң-тозаң, азот диоксиді, күкірт диоксиді және оксид көміртегінің мөлшері тексеріледі», - деп түсіндірді маман.
Шыныдан жасалынатын санкционды түтікшелер арқылы алып келінген ауа сынамасы суреттегі аппараттар арқылы мониторингтен өтеді.
«Қазгидромет» жоспардан тыс тексерулерді де өткізіп отырады. Ол төтенше жағдайлар кезінде халықтың, мекемелердің сұраныстары бойынша жүзеге асады.
Ауа сапасын қайдан біліп отыруға болады?
Мониторинг нәтижелерінен халық хабардар болып отыру үшін қалада 49 LЕD-экранда атмосфералық ауа сапасы туралы мәлімет шығып тұрады. Ақпарат әр 1 сағат сайын жаңарады. Бұл тәжірибе еліміздің басқа қалаларында да енгізілген.
Сонымен бірге, 2018 жылы «Қазгидромет» 45 елдімекенде орнатылған 140 станциядан берілген ауаның сапасы туралы мәліметті көріп отыруға болатын «AirKZ» мобильді қосымшасын іске қосқан. Қосымшаны Play Market және Apple Store дүкендері арқылы тегін жүктеуге болады.
Ауа сапасы жайлы ақпарат «Қазгидромет» РМК ресми сайтында, интерактивті картада да қолжетімді.
«Қазгидромет» мамандарының айтуынша, Алматы қаласындағы ауаның ластану деңгейі жоғары болатын аумақтарға Түрксіб және Жетісу аудандары кіреді.