$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.11.2019, 13:15
Жаңалықтар

Алматыда жыл басынан бері 36 адам газдан уланған

Апатты жағдайлар көбіне тұрғындардың қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан болады

Алматыда жыл басынан бері 36 адам газдан уланған
Фото: ашық дереккөзден

Алматыда осы жылдың он айында 481 өрт оқиғасы тіркелді. Тілсіз жаудың кесірінен 7 адам қаза тауып, 25-і түрлі дәрежедегі күйік жарақатын алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Ал табиғи газдан 36 адам уланған. Төтеншеліктердің сөзінше, апатты жағдайлар көбіне тұрғындардың қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан болады. Әсіресе, жер үй тұрғындары пешті дұрыс орнатпайды және бітеліп қалған мұржаларын дер кезінде тазартып отырмайды. Пешке таза ауа жеткіліксіз болғандықтан, үй ішінде улағыш газ жиналып соңы улану мен жарылысқа  әкеледі.

Қалада көмір ғана емес, табиғи газдан улану оқиғасы да жиілеген. Өйткені тұрғындар газ жабдықтарын дұрыс қолданбайды және нормативтік техникалық талаптарға сай келмейтін құрылғыларды қолданады, дейді мамандар.

«Мәселен, 9 қарашада Наурызбай ауданы, «Қарағайлы» ықшамауданында газ пешін дұрыс пайдаланбағандықтан 4 адам уланды. Үйінің шаршы метрі талапқа сай келмесе де, өз бетінше газ баллон қондырғыларды орнатып алатындар бар. Осыдан газ жарылып, соңы қайғылы жағдайларға әкеп соғуда. Тұрғындар газ иісін сезсе тез арада есік-терезелерді ашып, бөлмеге таза ауа кіргізуі керек. Және бұл кезде электр тоқтарын қоспауды сұраймыз», - деді Алматы қаласы ТЖД басшысының орынбасары Арман Байгелов

Табиғи газдан улану деректерінің алдын алу үшін Төтенше жағдайлар департаменті «Қазтрансгазаймақ» мекемесіне газанализатор қондырғысын орнатпаған үйлерді қабылдамауды ұсынған. 2019-2020 жылыту маусымына дайындықты бақылау барысында ТЖД өкілдері қаладағы 79 мыңнан астам үйді тексеріп шыққан. Нәтижесінде 7 мыңнан астам жер үйдің әлі де көгілдір отынға қосылмай, көмір жағып отырғаны анықталыпты.

Ал «Қазтрансгазаймақ» АҚ өкілдері олардың тек 4 мыңға жуығын ғана  келесі жылы көгілдір отынмен қамтамасыз ете аламыз дейді. Алматыда жалпы 131 мың жер үй, 286 мыңнан астам пәтер көгілдір отынға қосылған.

«Бүгінгі таңда біз Алматы қаласы бойынша 103 нысанға газ тарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Олардың негізгі монтаждық жұмыстары аяқталды. Қазір қауіпсіздігін тексеріп жатырмыз. Құжаттар дайын болған соң ғана тұрғындар газға қосыла алады. Жұмыс қаланың 8 ауданында жүріп жатыр», - деді «Қазтрансгазаймақ» АҚ Алматы филиалы өндірістік бөлімінің бас маманы Ғалым Бекен.

Бүгінгі таңда табиғи газға қосылу үшін тұрғындар аталған компанияға 147 мың теңге төлеуі тиіс. Алайда облыстың бағасынан екі есе төмен болса да Алматыда 600-ге жуық отбасы қаражатты төлеуге қауқарсыз болып отыр. Алматыдағы 425 мыңнан астам үйдің тек 1034-не ғана улы газдың тарағанын анықтайтын арнайы датчик орнатылған.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы.

Серіктес жаңалықтары