Шектеу шаралары тағы екі аптаға созылады
Шымкенттің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Әбдіманап Төлебаев қаладағы карантинді ұзарту туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
9 қазанда Шымкенттің бас санитарлық дәрігері қала аумағында карантинді ұзарту туралы қаулыға қол қойды. Қаулы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау қалалық департаментінің сайтында орналастырылған.
Құжатқа сәйкес, Шымкент аумағындағы карантин мен шектеу шаралары 2020 жылғы 12 қазан сағат 00:00-ден 26 қазан сағат 00:00-ге дейін ұзартылады.
Азық-түлік және азық-түліктік емес базарлардың (мамандандырылған, киім-кешек, мал базарлары және АВТО базарлар), жәрмеңкелердің қызметіне толымдылығы 30%-дан аспайтын және бір келушіге кемінде төрт шаршы метр сақталған кезде 06:00-ден 18:00-ге дейін рұқсат етіледі.
Жабық азық-түлік және азық-түліктік емес базарлардың (қабырғалары, терезелері/витраждары бар үй-жайлар, ғимараттар, құрылыстар) жұмысына демалыс және мереке күндері тыйым салынады.
«Жәрмеңкелердің қызметін күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып жүзеге асыру, оның ішінде дезинфекциялық тоннель мен санитайзерлер орнатуды қамтамасыз ету міндеттелсін», – делінген қаулыда.
Қалада сауда-ойын-сауық кешендерінде, орталықтарда, сауда үйлерінде кинотеатрлардың (ашық ауадағы кинотеатрлардан басқа), цирктің, балалардың ойын алаңдарының, мұз алаңдарының, батуттар мен фудкорттардың жұмыс істеуіне тыйым салынады. Ашық кинотеатрлар маска режимі мен әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, қалыпты режимде жұмыс істейді.