Қазақстанда 145 колледж студенттерді оқыту құқығынан айрылды

Автор: Azattyq Rýhy

Аталмыш колледждер үш жүзден астам мамандық бойынша студенттерді оқытпайтын болды

Фото: ашық дереккөзден

Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті Қазақстандағы барлық колледждің білім беру қызметіне мониторинг жүргізіп жатыр. Талдау нәтижелері бойынша 145 білім беру ұйымы 330 мамандық бойынша лицензияға қосымшаларын өз еркімен қайтарып берді (белгілі бір мамандықтар бойынша оқытуға рұқсат беретін құжат).

Комитет төрайымы Гүлзат Көбенова студенттерге көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған жұмыс техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының директорларымен бірлесе жүргізілгенін атап өтті.

«Департаменттеріміз колледждердің білім беру қызметіне мониторинг жүргізіп жатыр. Бірінші кезекте біз оқу процесіне қажетті құрал-жабдықтардың, әдебиеттердің, білім беретін тиісті оқытушылардың болуына, оқуға барлық жағдайдың жасалуына назар аударамыз. Осы жұмыс нәтижесінде колледждер қазір білім беру профиліне жатпайтын немесе біліктілік талаптарын сақтай алмайтын жекелеген мамандықтар бойынша лицензияның қосымшаларын қайтару туралы шешім қабылдады. Арасында еңбек нарығында сұранысқа ие емес мамандықтар да бар. Кейбір колледждерге белгілі бір мамандықтар бойынша студенттер оқуға мүлдем түспеген. Мәселен, педагогикалық колледж менеджерлерді даярлауға талпынса, ал экономикалық бағытта білім беретін колледж педагогтерді оқытпақ болған. Сондай-ақ кейбір оқу орындары материалдық базасы сай келмесе де, белгілі бір мамандық бойынша кадрларды дайындағысы келген. Қазір студенттер оқуын аяқтады, ол үшін колледждерге мүмкіндік берілді. Бұдан былай, 145 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы үш жүзден астам мамандық бойынша студенттерді оқытпайтын болды. Сондықтан ата-аналар мен оқушыларға алаңдаудың қажеті жоқ. Ешқандай проблема туындаған жоқ», – деді  комитет төрайымы Гүлзат Көбенова.

Еске сала кетейік, 6 қазанда Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті Алматыдағы М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын бас лицензиясынан айырылғанын хабарлады.