Ақмола облысында коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмек тегін таратыла бастады
Облыста бүгінге дейін 52,4 миллион теңгенің дәрілік препараттары жеткізілген
Ақмола облысында коронавирус індетіне қарсы дәрі-дәрмектер емханаларда тегін таратыла бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысының Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаментіне сілтеме жасап.
Облыста бүгінге дейін 52,4 миллион теңгенің дәрілік препараттары жеткізілген.
Осыған дейін дәріханалардан іздеп таппай келген әрі бағасы шарықтап кеткен қызуды басатын және басқа да антикогулянт препараттары енді коронавирус белгілері байқалған науқастарға тегін берілетін болды. Ол үшін науқастар өзінің тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханалардағы учаскелік дәрігерлердің қабылдауына кіріп, полимеразды тізбек реакциясының нәтижелеріне қарай алады.
«Қазіргі таңда облыстағы емдеу мекемелеріне тапсырыс берілген 52,4 миллион теңгенің дәрі-дәрмектері жеткізілді. Атап айтқанда, коронавирус инфекциясы белгілерінің алдын алуға көмектесетін риварокс (ксарелтоның баламасы), новиган нео (ибупрофен), эликвис (апиксабан), прадакса, (дабигатран) препараттары облыстағы дәріханаларға табыс етілді. Бұл дәрілердің бәрі тек емдеу мекемелері дәрігерлерінің арнайы рұқсатына сәйкес беріледі», - дейді Ақмола облысының Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина.
Ал рұқсат берілген дәрігерлер болмаса, науқастар «СҚ-Фармация» байланыс орталығына немесе 1439 (қоңырау шалу тегін) нөміріне қоңырау шалып, тегін дәрі-дәрмек алу жөнінде хабарласуға мүмкіндігі бар.
Бұл дәрілер коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастарға кепілдендірілген тегін медициналық көмек беру шеңберінде жүзеге асырылылмақ деп толықтырды облыстың бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы