Әуежай құны 5,2 млрд теңге деп бағаланып отыр
Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Шымкент қаласының әуежайын 10 жылға сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі конкурстың әділ өтіп жатқанына күмән келтірді және сатылымды қайта қарауды талап етті.
«Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Шымкент қаласының әуежайы» АҚ сатып алу құқығымен 10 жылға сенімгерлік басқаруға беру бойынша тендер жариялады. Өтінімді тек үш апта – 18 қыркүйектен 8 қазанға дейін қабылдайды. Мұндай қысқа мерзімде көптеген стратегиялық инвесторлар конкурстан шығып қалады. Бұл байқауды шұғыл және шусыз өткізу кімге тиімді? Конкурсқа жеке кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар да қатыса алады, бұл да күмән тудырады. Жеке тұлға тұтас әуежайды қалай басқара алады? Сарапшылар әуежайдың бастапқы бағалау құнын 5,2 млрд теңге деп белгілепті. Мұндай нысан үшін өте төмен баға», - деді депутат.
Нысанның стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, Жамалов әуежайды сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі тендерге өтінімдерді қабылдау мерзімін ұзартуды және әлеуетті қатысушылар үшін біліктілік талаптарын қайта қарауды сұрады.
«Нысанның құнына қайта тәуелсіз бағалау жүргізу қажет, ол қазір 5,2 млрд теңге сомасында белгіленген», - деп нақтылады депутат.
Еске сала кетейік, 5 қазанда Шымкент әуежайы сатылымға қойылғаны хабарланды.